07 қаң, 2021 сағат 07:07

Вашингтонда Трамп жақтастарының наразылық акциясынан кейін коменданттық сағат енгізілді

АҚШ астанасында жаппай тәртіпсіздікке байланысты коменданттық сағат енгізілді, деп хабарлайды BBC агенттігі.

Сәрсенбі күні АҚШ конгресі сайлаушылардың даусын есептеп, 2020 жылғы президент сайлауының қорытындысын шығару үшін жиналған болатын. Өздеріңізге белгілі, бұл сайлауда демократтар партиясының өкілі Джо Байден жеңіске жеткен еді. 

Вашингтонда бұған дейінгі президент Дональд Трамп жақтастарының жаппай наразылық акциясынан кейін оған қатысушылардың бір тобы конгресс ғимаратына басып кірді

Жалпы, Дональд Трамп осының алдында Вашингтонның ортасында мыңдаған адам жиналған митингте сөз сөйлеп, өзінің жеңілгенін мойындамайтынын айтқан. Сөйтіп өзіне сенетін қауымды Капитолий ғимаратына барып, наразылық білдіруге шақырды. 

Түн жарымына қарай АҚШ конгресі мен сенатын күзететін полиция Трамптың жақтастарын Капитолий аумағынан тықсырып шығарды. 

Қауіпсіздіктің жаңа периметрі үкімет мекемелерінен 100-150 метр қашықтықта деп белгіленген. Полиция демонстранттарды әлі де қуып жатыр. 

Сенат ғимаратын АҚШ ұлттық ұланының жасағы да күзетіп тұр. 

Соған қарамастан полиция наразылық білдірушілерді ұстап, қамаған жоқ. Олар тек Трамп жақтастарының бұл жерден кетуге үгіттеп, көндіріп жатыр. Билік коменданттық сағат енгізді. 

Наразылық акциясынан кейін АҚШ конгресі дауыс сертификаттауды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.