Армениялық футбол маманы Вардан Минасян «Тараз» командасына бас бапкер болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
В.Минасян 1974 жылы дүниеге келген. Спорттық жолын Арменияның «Зангазурында» 1991 жылы бастаса, одан кейінгі жылдарда сол елдің «Пюник», «Ереван», Швейцарияның «Лозанна», Ресейдің «Локомотив» (Санкт-Петербург) командаларында ойнады.
Бапкерлік қызметін 2001 жылы Арменияның 21 жасқа дейін құрамасында бастады. Одан кейінгі жылдарда сол елдің «Пюник» командасының тізгінін бірнеше мәрте ұстаса, Армения құрамасына бас бапкер қызметін үш мәрте атқарды. Бүгінге дейін «Арарат-Армения» командасында еңбек етті. 2014-2015 жылдарда Қостанайдың «Тобыл» командасында бас бапкер болды.
Армения құрамасының бас бапкері ретінде ол Еуро-2012 чемпионатының іріктеу кезеңінде Словакияны 3:1, 4:0, Македонияны 4:1 есебімен ұтып, Ресеймен тең түсіп - 0:0, өз тобында үшінші орынға жайғасты. Сондай-ақ, 2014 жылғы әлем чемпионатына іріктеуде топтық кезеңде Данияны 4:0, Чехияны 2:1, Болгарияны 2:1 есебімен жеңіп, сырт алаңда Италиямен 2:2 тең ойнады. Минасян қызмет атқарған жылдарда Армения құрамасы FIFA рейтингінде 103 орыннан 34-ші орынға көтерілді.
Ал клубтық деңгейде «Пюникпен» 4, «Арарат-Армениямен» 2 мәрте ел чемпионы болды. Сонымен қатар, Армения кубогын 2, суперкубокты 3 рет алды. Оған қоса 5 дүркін Арменияның үздік бапкері атанды.