КВИ-ға қарсы вакцинацияның толық курсын өткендерге бірқатар шектеу жойылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Коронавирусқа қарсы вакцина алғандар санының біртіндеп ұлғаюына байланысты ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысымен КВИ-ға қарсы вакцинацияның толық курсы бар тұлғалар үшін бірқатар шектеу алынып тасталды», - деді Алексей Цой.
Атап айтқанда, оның сөзіне қарағанда COVID-19-ға қарсы вакцинацияның толық курсы болғанда ауруханаға жатқызудың кез келген түрінде, ұйымдастырылған ұжымдарға барғанда, еңбек демалысынан, іс-сапардан оралғанда, науқастануына байланысты жұмыс орнында болмаған кезде ПТР тест талап етілмейді.
«COVID-19-дың нақтыланған жағдайымен байланысты болғандар оқшауланбайды. Бірақ медициналық бақылау қамтамасыз етіледі. Кеңселік ұйым қызметкері қашықтан жұмыс істеу форматына жіберілмейді», - деді министр.