1 ақпаннан бастап қазақстандықтарға егіліп жатқан коронавирусқа қарсы вакцина халал ма? Дәл осы сауал бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрлері Ажар Ғиният пен Ерлан Қиясовқа қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Вакцинаның халал әлі халал еместігіне қатысты жайт медициналық мәселеге жатпайды. Көптеген ислам елдерінде вакцинация процедурасын өткізу жоспарланып отыр. Вакцинаны әзірлеу өте күрделі жағдайда өтуіне, аталған вакцинаның жедел қажеттілігіне байланысты вакцинаның халал немесе халал еместігі туралы мәселе қаралмайды да. Өйткені, шалдығу мен өлім-жітім жоғары болып тұр. Біз, дәрігерлер, вакцинаның тиімділігін ғана талқылай аламыз», - деді вице-министр Ерлан Қиясов.
Ал Ажар Ғиният вакцинаның адам аденовирусы базасында әзірленгенін айтады.
«Егер вакцинаның құрамына қатысты айтып отырсаңыз, онда вакцина адамның аденеовирусы базасында әзірленген. Сондықтан сізді құрамы қызықтырып отырса, онда бұл - адами вирус», - деді вице-министр.