«Көк» статус ұғымын Ashyq жүйесінен шығару туралы айту әзірге ерте. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шынымен де қазір ПТР тест бойынша науқас екені анықталмаған және науқаспен байланыста болмаған адамдар үшін «көк» статус бар. Олар Ashyq жүйесіндегі нысандарға еркін кіре алады. Қазір біз «жасыл» статусқа екпенің тек екі компонентін ғана алғандарды емес, бірінші компонентін алғандарды да қосқалы жатырмыз. Бұл өз кезегінде елді вакцина алуға ынталандырады. Екінші жағынан, «көк» статустағы адамдардың саны азайтуға мүмкіндік береді», - деген комитет басшысы «көк» сатусты Ashyq жүйесінен шығарылуы мүмкін екенін айтты.
«Әзірге бұл асығыс шара болар еді. Өйткені вакцинаның бір компонентін алғандардың саны, өкінішке қарай, 5 млн адамнан енді ғана асты. Қалған 8 млн адам әлі «көк» статуспен жүр және «қызыл», «сары» статустағы азғантай халық бар. Сондықтан әзірге «көк» статусты жүйеден шығару туралы айтып отырған жоқпыз. Вакцина алғандардың саны көбейсе, «көк» статусты Ashyq жүйесінен шығарып тастау мүмкіндігін қараймыз деп топшылаймын», - деді Айжан Есмағамбетова.