05 мам, 2021 сағат 16:23

Вакцинаның 1 және 2 дозасы аралығын ұзартқан жөн бе: Дәрігерлер пікірі екіге жарылды


Медицина ғылымдарының докторы Ботагөз Кәукенова коронfвирусқа қарсы вакцинаның 1 және 2 компонентін егу аралығын ұзартуға қарсы екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз ұстанымызды білдірдік және бас мемлекеттік санитар дәрігердің жаңа қаулысына қарсымыз. Қарсы болуымыздың себебі, ең алдымен 45 күн деген мін еш жерде, ешбір мәлімдемеде жоқ. Гамалея атындағы орталық директоры Гинцбургтің хатында аралықтың 21 күннен 90 күнге дейін ұлғайтылуы мүмкін екені көрсетілген. Яғни, адамдардың таңдауы бар. Егер олар үлгермесе, бір жаққа кетіп қалса, онда вакцинацияны кейінге қалдыра алады. Бірінші компонент егілгеннен кейін екінші компонентті 45 күнде егу туралы шешім адамдарды ұзақ уақыт бойы қорғаныссыз қалдырады», - деді ол Experts Hub Kazakhstan жобасы сарапшыларының дөңгелек үстелі барысында. 

Оның атап өтуінше, бірінші дозаны алғаннан кейін 2 апта өткен соң адам ағзасында иммунитеттің жеткілікті қорғанысы пайда болады. 

«Бірінші мен екінші дозаның арасында 45 күн күтуге тура келеді. Бұған қоса, жеткілікті қорғаныс алу үшін тағы екі аптаны қосыңыз. Бірінші дозадан кейін ауырып қалғандардың санын ескеретін болсақ, мұның барлығы адамдардың вакцинация бағдарламасына деген сенімін жоғалтады», - деді Ботагөз Кәукенова. 

Сондықтан ол адамдарға бірінші дозаны алғаннан кейін 21-ші күнде немесе кейінірек алу мүмкіндігін беру қажеттігін айтады. 

Ал медицина ғылымдарының докторы Ләззат Ералиева мұндай пікірмен келіспей, екі доза аралығын 90 күнге созудың еш қаупі жоқ екендігіне назар аудартады. 

«Антидене деңгейі уақыт өте арта түседі. 21 күннен кейін 1 деңгей, бір айдан соң басқа деңгей болады. Аралықты 90 күнге дейін созудың еш қорқынышы жоқ. Сіз қорғаныста боласыз, өйткені бірінші вакцинаны алдыңыз. Сізде бірінші дозадан кейін қалыптасқан антидененің жеткілікті деңгейі болады. Содан кейін 90 күннің ішінде екінші дозаны аласыз», - деді Ләззат Ералиева.