01 шіл, 2021 сағат 16:10

Вакциналау туралы электронды паспортқа QR-код енгізіледі


Қазақстандағы вакциналау туралы электронды паспортқа QR-код енгізіледі. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шекарадан өтерде, мысалы Қырғызстанмен шекарада көптеген адамдар вакциналау паспортын көрсетеді және олардан QR-код талап етіледі. Сол арқылы адамның вакцина алған-алмағанын тексеруге болады. Қазақстанның вакциналау паспортында мұндай код жоқ. Оны енгізу жоспарда бар ма?», - деп сұрақ қойды журналист Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Вице-министр Әсет Тұрысов eGov mobile-да QR-код әзірленіп жатқанын және вакциналау паспортына енгізілетінін айтты. 

«Сонымен қатар, вакциналау паспорттарының қағаз нұсқаларында QR-код бар. Сондықтан, шетелге шығарда шекарада қиындықтарға тап болмау үшін қағаз нұсқасын алуға болады. EGov mobile-ға келсек, енгізу жұмыстары жүріп жатыр», - деп атап өтті Әсет Тұрысов.