26 там, 2021 сағат 00:25

Вакциналанған студентке жатақханада тұрып оқуға мүмкіндік беріледі - жаңа қаулы


Қазақстанның бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысы бойынша вакцина алған студенттерге жатқаханада тұрып оқуға мүмкіндік берілетін болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қаулыда білім ошақтарының бәрінде тамақтану процесі асханадағы ауа рециркуляторларының қондырғыларын қамтамасыз ете отырып ұйымдастырылуы керектігі айтылған.

Ал вакцина алған студенттерге жатақханада тұрып білім алуға мүмкіндік берілмек. Бірақ жасы 18-ге толмаған студенттерге бұл талаптың қатысы жоқ. 

«Бөгде адамдардың кіруіне тыйым сала отырып, COVID-19-ға қарсы вакцинация алған студенттер жатақханаға орналастырылсын. 18 жасқа толмаған, сондай-ақ тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19 ауырып сауыққан студенттерді жатақханаға орналастыруға жол беріледі», - делінген жаңа қаулыда.

Аталмыш құжатта мектептердің бәрінде жаңа оқу жылы штаттық режимде басталатыны да айтылған. 

«2021-2022 оқу жылында барлық меншік нысанындағы және ведомстволық бағыныстағы білім беру ұйымдарында штаттық форматта оқуға рұқсат етілсін», - деп жазылған қаулыда.