14 сәу, 2021 сағат 12:30

Вакцинаға қарсы үгіт жүргізетін қолдан құрылған топтар бар - профессор

Қазақстанның клиникалық және іргелі медицина академигі, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының профессоры, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры Сәкен Әміреев онлайн брифинг барысында вакцинацияға сенімсіздік таныту дұрыс емес екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Профессор вакцинаның тиімділігіне сенбейтіндерге жүгінді. Оның айтуынша, шешекке қарсы вакцина жасау кезінде де оған қарсы шыққандар болған. Алайда, жаппай вакцинацияның арқасында ғана шешек ауруын жеңу қолдан келді. 

«Вакцинацияға сенімсіздік таныту жасанды түрде қолдан жасалып отыр. Екпеге қарсы үндейтін топтар бар. Ондай адамдар 1790 жылдары ауру тараған кезде де болған. Қазір де вакцинаға қарсы шығатындар бар. Дегенмен көптеген індетті бастан өткізген ел ретінде бұған түсіністікпен қарауымыз керек. Жалпы адамзат соғыстан емес, түрлі инфекциялық аурудан көп өлген. Сондықтан вакцина алудан қорықпауымыз керек», - деді ол.

Сонымен қатар, ол Қазақстанда бала туғанда бірнеше вакцина салынатынын атап өтті. Бұрын туберкулезге қарсы вакцина бірнеше рет салынып келсе, қазір екі рет қана салынады екен. Ал коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын салуға рұқсат берілген.

«Коронавируспен ауырып-жазылған адамдар вакцинация алуды кешіктірмеуі керек, өйткені олардың антиденелері вакцинация алғаннан кейінгі сияқты күшті болмайды. Шындығында, басқа ауруларда адамдарда иммунитет қалыптасады, бірақ коронавирус жағдайында олай емес. КВИ ауруынан кейін жақсы иммунитет қалыптаспайды. Көптеген қазақстандықтар ауыр формасымен ауырды, бұл клиникалық тұрғыдан дәлелденді. Мұндай адамдар қайтадан жұқтырулары мүмкін, олардың инфекциядан кейінгі қорғаныс антиденелері әлсіз келеді. Олар жад жасушалары қалыптасады, бірақ сонымен бірге антиденелер азаяды. Әзірге бүкіл әлемдік қауымдастық вакцинаны екі рет енгізу керек дегенге тоқтады», - дейді Сәкен Әміреев.