11 ақп, 2021 сағат 14:00

Вакцина салдырғаннан кейін вирус жұқтыру мүмкін бе – дәрігер жауабы

Алматы қаласы №20 емхана бас дәрігерінің орынбасары Маржан Әлиева онлайн брифинг барысында «Спутник V» вакцинасының адамды қаншалықты қорғай алатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, зерттеулерге сәйкес «Спутник V» вакцинасының тиімділігі - 91,6%. 

«Бұл көрсеткіш «Спутник V» вакцинасын алған 19 866 ерікті туралы мәліметтер негізінде жасалды», - дейді дәрігер.

Сонымен қатар ол «вакцина алған адам коронавируспен ауыруы мүмкін бе?» деген сауалға жауап берді.

«Қазір осыған байланысты арнайы зерттеулер жүргізіліп жатыр. «Спутник V» вакцинасында иммунитет 2 жылға жуық сақталады. Бұл вакцина екі кезең бойынша салынады, адам алғаш екпені алған кезде көпшілік жерге шықпағаны жөн, бұл аралықта иммунитет қалыптасады. Яғни бұл кезде коронавируспен ауырып қалу қаупі бар», - дейді Маржан Әлиева.

Сонымен қатар, ол әлеуметтік желіде вакцинаға қатысты түрлі қауесет тарап жатқанын тілге тиек етті.

«Емхананың колл-орталығына вакцина салу бойынша тұрғындар хабарласып, қызғушылық білдіріп жатыр. Сондай-ақ қоғамда вакцинаға қатысты үрей де бар. Әлеуметтік желілерде бұл адамды «чиптеу» немесе оның кері әсері бар деген мағынада қауесет тарап жатыр. Десек те, ересектер бұл вакцинаның қауіпті індетті жеңудің жалғыз жолы екенін біледі. Вакцина қалыпты өмірімізге оралуға көмектеседі», - деді ол.