Вакцина алмаған студент Ashyq арқылы сабаққа қатыса ала ма? Бұл сауалға ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Вакцина алмаған студент Ashyq арқылы сабаққа қатыса алады. Егер студент ғимаратқа Ashyq арқылы кіретін болса, онда ПТР анықтама талап етудің қажеті жоқ. Олар «көк» немесе «жасыл» мәртебемен кіреді. Яғни, ол «жасыл» түсті болса вакцина алған немесе таяуда ПТР тест тапсырған деген сөз», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Оның атап өтуінше, сабаққа ПТР тестінің оң нәтижесі бар студенттер және коронавируспен ауырғандармен байланыста болғандар жіберілмейді.
«Бірақ, мынаны ерекше атап өткім келеді. Егер, жоғары оқу орындары немесе колледж студенттерінің арасында коронвируспен ауырған адам анықталатын болса, онда онымен байланыста болған, вакцина алмаған студенттер бірінші кезекте 14 күндік карантинге жіберіледі», - деді Айжан Есмағамбетова.