Еліміздегі жоғары оқу орындарының вакцина алған студенттері мен оқытушылары жолдамалар және ақшалай сыйлықтарға ие болып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша университеттер білім алушылар мен қызметкерлер арасында вакцинацияны ынталандыру шараларын әзірлеген болатын.
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде вакцинацияның толық циклынан алғашқылардың бірі болып өткен студенттер Сібе көлдерінің демалыс орнына жолдама алды. Университет ректоры Мұхтар Төлеген атап өткендей, студенттер жаппай вакцинациялау науқанына белсенді қатысып жатыр.
«Сібе көлдерінің демалыс орнына жолдаманы белсенді 20 студент жеңіп алды. Олар акция жарияланған сәттен бастап вакцинаның екі компонентін салдырған. Университетте барлық санитарлық-эпидемиологиялық талапты сақтай отырып, оқу жылын бастауға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Маусымнан бастап «Ashyq» жүйесі жұмыс істейді. Барлық аудитория, зертхана, спорттық және басқа да оқу орындарында қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деп атап өтті Мұхтар Төлеген.
«Вакцинаны алғаннан кейін біз өз денсаулығымызды қорғап қана қоймай, сонымен бірге жаңа оқу жылы қарсаңында демалдық. Университет басшылығына студенттерге көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс білдіреміз. Бұл вакцинацияны ынталандыру бойынша бұрын-соңды болмаған қолдау шарасы деп санаймын», – дейді С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Виктория Ткачева.
Жоғары оқу орнында студенттер мен оқытушыларды ынталандыру бойынша бірқатар басқа да шаралар қарастырылған. 60-қа жуық студент арнайы жеңілдіктер мен ынталандыру сыйлықтарын алды. Мәселен, жатақханада тұруға жеңілдіктер, фитнес-орталығына және бассейнге абонементтер. Қазіргі уақытта С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде студенттердің 86%-дан астамы, ал қызметкерлердің 98%-ы екпе алған.
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері мен оқытушылары арасында да «Тұлпар» сауықтыру кешеніне жолдамалар ойнатылды. Ұтыс ойынының бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша 10 студент 25 мың теңгеден, ал оқытушылар мен қызметкерлер 50 мың теңгеден алды. Екінші тур қыркүйектің бірінші онкүндігіне жоспарланып отыр.
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері мен оқытушылары да құнды сыйлықтар мен жолдамаларға ие болды. Жаңа оқу жылы қарсаңында 10 студент бір күндік автотурға және киелі жерлерге саяхатқа барады, ал 5 студент TOEFL емтиханын тегін тапсыруға мүмкіндік алады. 1 шілде – 1 тамыз аралығында вакцина алған университеттің профессорлық-оқытушылық құрамына Сарыағаш шипажайына жолдамалар беріледі. Олар үшін сондай-ақ ақшалай сыйлықтар да қарастырылған.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің 90%-ға жуығы, сондай-ақ 18 жастан асқан мыңнан астам студент екпе салдырды. Вакцина алған білім алушылардың арасында тіл курстарына сертификаттар ойнатылды.