06 там, 2018 сағат 09:25

VADA «Канелоны» бір айда 20 рет тексеруден өткізген

Мексикалық боксшы Сауль Альварес Геннадий Головкинмен өтетін жекпе-жекке дайындық барысында оған Дүнижүзілік антидопингтік агенттік өкілдерінің қанша мәрте келгені туралы айтты, деп хабарлайды Sports.kz.

«Альварестің бағамдауынша, VADA соңғы ай ішінде боксшыны шамамен 15-20 рет тексерістен өткізген», - деп жазады Los Angeles Times газетінің журналисі Дилан Эрнандес.

Еске салайық, ақпан айында «Канело» кленбутеролға жасалған допинг-сынамадан екі рет өтпей қалып, жарты жылға бокстан шеттетілген еді. Салдарынан боксшының 5 мамырға Головкинмен жоспарланған қарымта кездесуі болмай қалды.

Дегенмен, боксшылар 15 қыркүйекте қайта кездесетін болды. Ол уақытқа дейін мексикалық спортшының жарысқа қатысу құқығы қайтарылатын болады. Дисквалификациялау мерзімі 17 тамызда аяқталады.