Белгілі баспагер, бірнеше кітаптың авторы Бақытжан Бұхарбай Ұзынағашта Ресей басқыншыларына арнап орнатылған ескерткішті сүріп тастауды ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталған ұсынысын ол өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жеткізген.
“Ұзынағашта Ресей басқыншылығына арналған ескерткіш тұр. Өткенде әдейі сол жерге соғып, осы видеоны түсірдім.
Осындай үлгідегі стелаларды Ресей империясы жергілікті халықтың қанын төгіп, басып алған жерлерде орнататын болған. Төбесінде империяның бүркіті тұр: бір қонған жерден ұшпаймын, бір орныққан мекеннен кетпеймін дегенді меңзейді.
Қашан орнатылғанын білмеймін, бірақ айналасы біраз күтілмегені көрініп тұр: шөп басып, плиткалары қирай бастаған. Соған қарамастан жақында бір тақта орнатыпты. Сонда орыстың өзіне керек болмай қалған дүниені қазақтың қастерлеп сақтап жүргенін қалай түсінуге болады? Аудан басшылығы мен Президент әкімшілігі қайда қарап жүр?
Қазаққа жат ескерткішті сүріп тастау дұрыс шешім болар еді. Ал ең сұмдық идеологиясының көрінісі төмендегі видеода”, – деп жазды ол.
Бұхарбайдың талабына Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы пікір қалдырған. Ғалымұрат Жүкел бұл ескерткіш туралы жазбаны Мәдениет басқармасының басшысы Әлия Жақыпбековаға жіберген.
“Посттың сілтемесін жібердім. Толық ақпаратын жинап, қашан, кімдер орнатқанын біліп, толықтырып жауап берем”, – деп жазады.