КСРО құрылған күннен бастап, үкімет алдында бұрыннан бері қордаланған бірнеше ауыр экономикалық мәселелер тұрды. Ленин ұсынған жаңа экономикалық бағыт (ЖЭС) біршама тәуір бастама еді. Халық ауыр дағдарыстан (Бірінші дүниежүзілік соғыс және Азамат соғысы) кейін есін жинап, жаңа мемлекет өзінің жарқын болашағына деген сенімі күшейіп, алға нық қадамдар бастаған еді. Аталмыш жаңа экономикалық саясат ортодоксалды марксистер жек көретін жеке меншікке жол ашып, адамдардың сауда-саттықпен айналысуына рұқсат беріп, барша қауыммен ол ұзақ мерзімді саяси стратегия ретінде қабылданды.
Жаңа экономикалық саясаттың басымдықтары мен ұтымды тұстары көрер көзге анық болды. ЖЭС арқылы индустриализация, шаруалардың кооперациясы мәселелерін шешу көзделді. Шаруалардың кооперациясы мемлекеттік күштеу арқылы емес, экономикалық тиімділік императивтері мен заңдылықтары арқылы жүретін эволюциялық үдеріс ретінде қарастырылды. Шешуші ынталандырушы фактор ретінде шаруалар кооперациялары шаруашылық ұйымдардың балама түрлерімен бәсекелестікке түскен кезде пайда болатын басымдықтар қабылданды. Жаңа экономикалық саясат бай-кулактарды тура «кәмпескелеуге» қарсы болды. ЖЭС-ті қолдаған Н. Бухарин, Н. Рыков, М. Томский сияқты үкімет басшылары бұл мәселеде экономикалық және құқықтық реттеу мейлінше тиімді әдіс болады деп есептеді.
Жаңа экономикалық саясат ұсынған шаруалардың кооперациясы индустриализациямен бірге қатарласа, өзара әрекет ете отыра жүреді деп күтілді. Алғашқы жылдардың тәжірибесі оның жүзеге асырылуына еш күмән туғызбаған еді. ЖЭС даму үлгісінде ауыр өнеркәсіптерді, зауыт, фабрикаларды дамыту (индустриализация) және шаруалардың кооперациясы басты мақсат ретінде қарастырылмады, олар халықтың материалды әл-ауқаты мен мәдени деңгейін арттырудың факторы ретінде саналған еді.
Жаңа экономикалық саясаттың мүмкіндіктері зор еді. Алайда тарихи жағдаяттар күрт өзгеріп, 20-шы жылдарлың аяғында экономикалық даму бағыты басқа арнаға бұрылған болатын. Сталиндік экономикалық даму үлгісі Лениндік ЖЭС-тен өзгеше боп шықты. Басым бағыт қарқынды индустриализацияға берілді. Әрине мұндай экономикалық науқан мол қаржыны талап ететіні белгілі. Кеңестік үкімет басқа ешнәрсені ойластырмай, мәселені тікесінен, радикалды түрде шешуге ұйғарды. Индустриалды үдерісті қаржымен қамтамасыздандыру үшін қаражат, тауар көздері ЖЭС қолдау көрсеткен шаруаларды эскпроприациялау, кәмпескелеу арқылы алу көзделді. Ал шаруалардың кооперациясы мемлекеттік күшпен жүргізілетін ұжымдастыру науқанына жол берді. Осылайша, экономика және коғамдық-саяси (ұжымдастыру тек қана экономикалық мақсаттардың ұстанған жоқ, ол саяси «мұраттарды» да көздеді) өмірде дамудың «күш көрсету», «волюнтаристік шешімдер» баламасы көп жылдар бойына орнады.
Ақмола облысында жаппай кәмпескелеу барысында 8334 жылқы, 1172 ірі қара, 242 түйе, 6009 қой тәркіленіп, 22 ұжым шаруашылықтары құрылды. Тәркіленіп алынған малдар ұжымшарларға таратылғанымен, олар осы шаруашылық бірлестіктері басшыларының жеке мүлкіне айналып отырды. Сонымен қатар жергілікті партиялық және кеңестік органдар жоғарыдан келетін нұсқауларсыз көрсеткіштердің көлемін арттыру мақсатында ұжымдастырудың қарқынын қолдан үдете түсті. Мәселен, ВКП (б) округтік комитеті бюросы 1929 жылдың 30 желтоқсанындағы қаулысы бойынша 33 мың шаруашылықты немесе барлық жеке шаруашылықтардың 41% ұжымшарлармен қамту міндеті қойылған болатын. 1930 жылдың өзінде-ақ Атбасар, Азат, Сталин аудандарының барлығы жаппай ұжымдастыру аудандары ретінде белгіленді. Және бұл жайтқа Азат және Атбасар ауданының оңтүстік аймақтарында көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтардың көп болғанын қосыңыз. Яғни бұл дегеніміз, ғасырлар бойы айрандай ұйыған қазақ ауылы жермен жексен етілу.
Қазақ халқының басым бөлігі 20-ғасырға дейін ауылда өмір сүрді. Қазақ экономикасы да, тұрмысы да, ауылшаруашылығына негізделді. Қазақ мәдениеті де ауылдың мәдениеті (әрине, жақсы мағынада) болды. Күштеп отырғызу барысында қазақ ауылымен бірге, қазақтың салт-дәстүрі, төл мәдениеті, ділі сынып, қазақ ұлт ретінде жойылуға шақ қалды.
Орталықпен (Мәскеу) Қазақстан ұжымдастару науқаны 1932 жылдың көктемінде аяқталуы тиіс аудандар тобына жатқызылды. Ал республикалық партиялық және кеңестік органдарда ұжымдастыруды осы қысқа мерзімнен бұрын аяқтау міндеті алға қойылды. Нәтижесінде жергілікті кеңесті функционерлер пайыздық көрсеткіштер ауруына шалдығып, аудандар, округтер, ұжымшаруашылықтары бір-бірімен жарысқа түсіп, жергілікті газеттер «еңбек майданындағы» кезекті рекордтарды жариялауға үлгере алмай жатты. Егер 1928 жылы Қазақстанда барлық жеке шаруашылықтардың 2% ғана ұжымдастырудан өтсе, 1930 жылдың сәуір айында 50,5%, ал 1931 жылдың қазан айында шамамен 65% ұжымдастырылды. 1931 жылдың күзіне қарай 122 аудандардың 78 ауданы ұжымдастырудан өтті.
Ұжымдастыру барысында бай-кулактарды кәмпескелеудің нақты көлемін анықтау қиынға соғады. Бізге тек 1930-1931 жылдар аралағында Қазақстаннан шеткері аймақтарға жер аударылған адамдардың саны 6765 жеткен белгілі. Сонымен бірге өзге аймақтардан Қазақстанға 180 015 жер аударылды. Кәмпескелеу идеологиясы таптық күресті қолдан жандандырып, саяси қуғын-сүргін нәубітіне ұласты. 1932 жылдың 7 тамызында «Мемлекеттік кәсіпорындар, ұжымшарлар мен кооперациялардың мүлкін қорғау және қоғамдық (социалистік) меншікті нығайту жөнінде» заң шықты. Бұл заң идеологиялық қарсыластарды жазалауға бағытталған нағыз антиконституциялық заң еді. Наразы болған немесе бидай қаптарын тапсыра алмаған адамдар 10 жылға сотталып, барлық мүлкісі тәркіленетін болды. Осы заң қолданысқа енген жылында-ақ Қазақстанда 33 345 адам сотталды. 1929 -1932 жылдар аралығында Қазақстанда ОГПУ үштігімен 9805 қарастырылып, 22933 адам сотталып, олардың 3386 адамы ату жазасына кесілді.
Бұл тарихи оқиғалар Қазақстан тарихының трагедияға толы беттерінің бірі болып табылады. Бұл тарихи науқан адамдардың тағдырына, дәуір адымына өз өшпес таңбасын қойды. Еліміз өзінің баянды Тәуелсіздігін қолға жеткізіп, алға, ілгері қадам басып жатқан кезеңде, өткенде орын алған барлық оқиғаларды тарих таразысына салып, ардақ етіп, құрмет тұту өмірлік парыз болып табылады. Өйткені «өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді атам қазақ.
Ақмола облысы мемлекеттік
архиві ақпараттық-ұйымдастыру архивінің архивисті
Уалиев Талапкер Асқарұлы