13 қаң, 2021 сағат 19:36

Үстел теннисінен БҚО құрамасы Қазақстан чемпионы атанды

Қарағанды қаласында үстел теннисінен ерлер мен әйелдер арасында өтіп жатқан ел чемпионатында командалық сында жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Батыс Қазақстанның ерлер командасы финалда қарағандылықтарды жеңіп, чемпион атанды. Шығысқазақстандықтар мен шымкенттіктер үздік үштікке ілікті.

Осылайша ерлер құрамасы облыс тарихында алғаш рет жеңімпаз атанып отыр. 

БҚО командасы сапында Айдос Кенжеғұлов, Дастан Кенжеғұлов, Санжар Жұбанов, Дамир Мэлсов және Болат Ниетқалиев өнер көрсетті. 

Ал әйелдер арасында командалық бәсекеде қарағандылықтар үздік шықса, батысқазақстандықтар күміс жүлдеге ие болды. Нұр-Сұлтан мен Шымкент қаласының өкілдері үшінші орынды бөлісті. 

БҚО намысын Гауһар Әлмағамбетова, Гүлчехра Хусейнова, Алсу Сапарова, Аружан Бекіш және Аружан Ілияс қорғады. 

Батысқазақстандықтарды Сарвар Назарова мен Владислав Кузьмин жаттықтырады.

Қазақстан біріншілігі 14 қаңтар күні жекелей сында жалғасып, жеңімпаз-жүлдегерлер анықталады.