ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті ұшқышсыз аппараттарды есепке қоюдың тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстанның авиация әкімшілігі ұшқышсыз ұшақтарды есепке алуды Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидалары бойынша жүргізеді. Максималды ұшу массасы 1,5 келіден асатын пилотсыз ұшу аппараттары, сондай-ақ максималды ұшу массасы 0,25 келіден асатын «ерекше» санаттағы операцияларды орындайтын пилотсыз ұшу аппараттары есепке алуға жатады», - деп жазады комитет мамандары.
Пилотсыз аппаратты сатып алушылар оны есепке қою үшін тиісті құжаттармен бірге өтініш береді. Кейін құзырлы орган 5 жылға немесе аппаратты жалдау шартының мерзімі аяқталғанға дейін есепке қою туралы куәлік береді.
«Пилотсыз ұшу аппаратын есептен шығару да осы тәртіппен іске асады. Ұсынылған құжаттар сәйкес келген жағдайда Қазақстанның авиация әкімшілігі өтініш берушіге аппаратты есептен шығару туралы куәлік береді. Есепке алу және шығаруға 30 жұмыс күні бөлінген. Есепке қою туралы куәлікті беруден бас тарту өтінім келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде жазбаша түрде жүзеге асырылады», - деп жазады комитеттің баспасөз қызметі.
Мұндай аппарат иелері анықталған кемшілікті жойып, Қазақстанның авиация әкімшілігіне қайта жүгіне алады.
Құжаттарды Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел даңғылы 55/15, С2.3 блогы мекенжайына немесе frontoffice@caakz.com поштасына жіберуге болады.
Еске салсақ, биыл қаңтар айында Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде пилотсыз ұшу аппараттарын пайдалану қағидалары бекітілген болатын. Содан бері бүгінге дейін елімізде 279 пилотсыз ұшу аппараты есепке алыныпты.