Фото: ашық дереккөз
«Карпман үшбұрышы» – бұл психологиядағы адамдар арасындағы қарым-қатынас моделі, онда адамдар құтқарушы, құрбан және қудалаушы рөлдерін ойнайды.
Бұл психологиялық және әлеуметтік қарым-қатынас моделін алғаш рет 1968 жылы америкалық психотерапевт, медицина докторы және Эрик Берннің (транзакциялық талдау негізін қалаушы) шәкірті Стивен Карпман сипаттаған. Алғашында Карпман бұл схеманы «драмалық үшбұрыш» деп атағанымен, көпішілік оны автордың есімімен атап кетті. «Карпман үшбұрышы» қандай модель және бұл қарым-қатынас жүйесінің зияны қандай?
«Карпман үшбұрышы» дегеніміз не?
Стивен Карпман Вашингтонда дүниеге келген. Әкесі психоаналитик, ал анасы ауруханада әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеген. Дьюк университетінің медициналық мектебін тәмамдағаннан кейін Карпман диаграммалар мен теорияларға қызығушылық танытып, бұл оны транзакциялық талдауға әкелді. Ол психиатрияға қызығып, транзакциялық талдау негізін қалаушы Эрик Бернмен кездескеннен кейін оның шәкірті болады. Карпман спортшылардың ойын алаңындағы (мысалы, футболшылар немесе баскетболшылар) рөлдеріне сүйеніп (мысалы, шабуылдаушы және қорғаушы), қарым-қатынас үшбұрышының идеясын ойлап тапты. Берн Карпманға бұл схеманы жариялауды ұсынады.
«Карпман үшбұрышы» – рөлдік ойын моделі. Ол адамдар арасындағы қарым-қатынасты сипаттайды, онда үш негізгі рөл бар: Құтқарушы, Қудалаушы (Тиран, Агрессор), Құрбан. Бұл рөлдердің әрқайсының өз сценарийі мен сипаттамалары бар және барлық қатысушы біртұтас деструктивті механизмді құрайды.
Карпман теориясы бойынша, адамдар осы үшбұрыштағы рөлдердің біріне түсіп кетуі мүмкін, ал бұл рөлдер адамзатқа ежелден таныс.
Құрбан, Құтқарушы, Агрессор рөлдері
Құрбан – «Карпман үшбұрышының» негізгі фигурасы, себебі ол осы жүйені іске қосады: Агрессорды арандатып, Қорғаушыны іздейді. Бұл ретте Құрбан анау айтқандай шарасыз, мәселені шеше алмайтын жан емес. Ол тіпті бір сәтте Агрессор да, Құтқарушы да бола алады. Құрбан рөлі оған өз бойындағы агрессияны шығару үшін, оны қабылдай алмағандықтан ыңғайлы. Өмірдің кез келген қиындығына төтеп бере алатындай оның күші де, ресурсы да бар, алайда ол мұны мойындағысы келмейді.
Құрбан рөліне кіріп алған адамның әрдайым өмірге шағымы көп болады, оған жағу өте қиын. Ол өміріндегі жақсы тұстарды елемейді, өзін әрдайым төмендетеді, сынайды және барлық қиындыққа айналадағы адамдарды, жағдайларды кінәлайды. Ол көпшіліктен ақыл сұрауға шебер, алайда ешқашан ол кеңестерді жүзеге асырмайды. Мысалы, ол бастығының кәсібилігін сынап, елге шағымдануы мүмкін, алайда көпшілітің жұмыстан шығып кетсеңші деген кеңесіне: «Мені ешқайда алмайды, қазір жұмыс ауыстыратын заман емес, мен ешкімге керек емеспін» және т.с.с. деп ақталады.
Қудалаушы (Тиран, Агрессор) рөліндегі адам өзінің әлсіздігін мойындамай, оны Құрбанға ығыстырады, осылайша Агрессорға айналады. Оның бейсанасында әлсіз болуға болмайды деген заң бар. «Маған әлсіз болуға болмайды, мен әлсіздігімді көрсетпеймін, сол үшін әлсіз адамдарды жаншимын». Тиран негізінде іштей өте әлсіз адам.
Агрессор физикалық күшпен қатар, сөзбен де жаншып өтуге құмар. Ол біреуді сөзбен шымшып алу арқылы, өзінің наным-сенімін одан сайын бекітіп отырады: «Мен мықтымын, мен әлсіз болмаймын».
Құтқарушы рөлін таңдайтын көп адам өз дәрменсіздігін мойындағысы келмей, Құрбанның қабілеттерін төмендетеді, оны мәселе шеше алмайтын бейбақ етеді. Құтқарушы үшін бұл рөл өзінің маңыздылығы мен құндылығын сезінудің және көрсетудің бір жолы. «Құтқарушы Құрбанға: «Мен сенің неге мұқтаж екеніңді білемін! Мынау саған көмектеседі!» дейді». Сонымен қатар, Құтқарушы Тиранды агрессиясы үшін айыптайды.
Құтқарушының тағы бір сипаты — оның процеске толық берілгендігі мен барынша араласуы. Құтқарушылар ешкім одан көмек сұрамаса да, жұмыстың жартысынан көбін, тіпті басқалар үшін өзі жасайды.
Барлық үш қатысушы өздерінің рөлдерінде қалып, қарым-қатынастарын ушықтырып, бір-біріне тәуелділікті арттырып отырады.
Бұл рөлдерді қайдан жиі бақылауға болады?
«Карпман үшбұрышы» кез келген жерде көрініс табуы мүмкін, бірақ психологтар атап өткендей, ол көбінесе тұрмысы нашар отбасыларда жиі кездеседі, мысалы, ата-ананың бірі (немесе екеуі де) алкоголизммен ауыратын отбасыларда. Бұл драма үшбұрышы бір-біріне тәуелді қарым-қатынастарда, бір серіктестің екіншісіне шектен тыс тәуелді болған жағдайларда айқын көрінеді. Мұндайда екінші серігі тәуелділіктен (мысалы, нашақорлық немесе құмар ойындарға тәуелділік) зардап шегуі мүмкін.
Көп жағдайда адамдар Құрбан немесе Құтқарушы рөлін алуға тырысады, ал Тиран рөлі сирек таңдалады. Адам көбінесе бала кезден қалыптасқан дисгармониялық жағдайларда өзі үйренген рөлдерді ойнауға бейім. Әрбір адамда өзінің триггері – оны рөлге итермелейтін «ілмек» болады. Сонымен қатар, рөлдерді ауыстыру механизмдері бар, олар жағдайды бақылауда ұстауға және токсикалық манипуляция схемасын қолдауға көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, «Карпман үшбұрышы» – ұзаққа созылған, тіпті шексіз ойын.
Егер Құрбан рөліндегі адамның айналасында оны құтқаратын немесе қудалайтын адамдар болмаса, ол міндетті түрде жаңа ортаға барып, басқа «ойыншыларды» табуға тырысады. Мұндай адамдарды сөздің тура мағынасында біреу «ілмектеп», жанжал тудыруға итермелеуі керек. Олар осы ойынға қатысуға дайын адамдарды іздейді. Көбіміз өмірде мәселелерді шешуден гөрі шағымдануға бейім адамдармен кездестіреміз. Міне, осылар – Құрбандар және олар Құтқарушылар мен Тирандарды аңдып жүреді.
Психологтардың айтуынша, драмалық үшбұрыш жұмыс ұжымдарында, тіпті дүкендегі касса кезегінде де кездесуі мүмкін. Бұл схема кез келген адамаралық қатынастарда, кез келген коммуникацияда, тіпті адамның ішінде де көрініс табады. Барлық рөлдерді ойнау үшін басқа адамның қатысуы міндетті емес.
Әрқайсымыздың ішімізде субтұлғалар бар, ал рөлдер арасындағы ауысу осы субтұлғалар аясында болуы мүмкін. Рөлдер арасындағы ауысу өте жылдам болуы мүмкін, бірақ адам кейде бір позицияда қалып қоюы да ықтимал.
Мысалы: адам өзін қатты сөгіп, Тиран рөлін қабылдайды, мысалы, түнде қуырылған картоп жегені үшін өзін кінәлайды. Бір минуттан кейін ол өзін әлсіз және бейшара сезініп, Құрбан рөліне түседі, себебі тағамнан бас тарта алмай, артық салмақ қосып жатырмын деп ойлайды. Сосын, не істеймін деп, Құтқарушы рөліне ауысады: тәбетті төмендететін немесе майды жағатын таблеткалар сатып алайын ба, әлде түнде тамақтанбаймын деп тағы өзіме уәде берейін бе деп бас қатырады.
«Үшбұрыштан» шығудың жолы
Жоғары деңгейде саналы, ашық диалог құруға дайын және манипуляциядан аулақ болатын жерде Карпманның «драмалық үшбұрышына» жол жоқ. Әсіресе, өзіңе немесе басқа адамға қатысты манипуляцияны болдырмау қажет. Драмалық үшбұрыштан шығу —ұзақ және кезең-кезеңмен жүретін процесс.
Өз бетіңмен үшбұрыштан шығу үшін, алдымен осы үшбұрыштың ішінде екеніңді мойындап, қандай рөлді алып отырғаныңды түсіну керек. Көбіне адамдар бұл ойынға бейсаналы түрде қатысады, сондықтан ол сол ойынның ішінде жүргенін түсіне бермейді.
Осыдан кейін, австралиялық психотерапевт Эйси Чой ұсынған «жеңімпаздар үшбұрышы» принциптерін қолдануға болады. Бұл жаңа концепция Карпманның диаграммасына антипод ретінде жұмыс істейді және әр рөлді алмастырады: Қудалаушы «Өз-өзіне сенімді» рөлін алады, Құтқарушы «Қамқоршы» болып өзгереді, ал Құрбан «Қорғансыз» рөліне көшеді. Чой ұсынған механизмдер арқылы адам өз ішіндегі толықтай ашылмаған сезімдерін дұрыс көрсетіп, таныс сценарийлермен өмір сүруді тоқтатады.
Сондай-ақ драмалық үшбұрышқа тартылып жатқаныңызды түсіну өте маңызды. Бұл сезімдер арқылы анықталуы мүмкін. Мысалы, сіз Құрбан рөліндегі адамды төмендеткіңіз келуі мүмкін. Сізде кінә арту немесе сынау ниеті туындауы мүмкін («Жұмысынан айырылғанына өзі кінәлі», «Ақшаны банкке салмай тұрып ойлануы керек еді»). Бұл кезде сіз Агрессор рөліне ауысасыз. Егер осындай сезім туындаса, кері шегініңіз, қатыспаңыз. Өзіңізге «ешкімді даттауға немесе кінәлауға құқығым жоқ» деп айтыңыз, әркім қателеседі.
Өз бойыңыздағы Құтқарушыны басқа адамдардың мәселесін шешуге деген ынтаңыз арқылы байқауға болады. Мысалы, досыңыз жұмысынан айырылып, қаржылық қиындықтарға шағымданады. Ал сіз оған көмектескіңіз келіп, бос жұмыс орындарының сілтемелерін жіберіп, таныс басшыларға қоңырау шала бастайсыз. Кейінірек сіздің ұсыныстарыңызды досыңыз әртүрлі себептермен қабылдамай, сіз сол жағдайға досыңыздан да көп араласқандай сезінесіз. Бұдан кейінгі әдеттегі схема бойынша сіз досыңызға ашуланып (Агрессор рөліне түсесіз) немесе ол сіздің көмегіңізді бағаламады деп ренжисіз (Құрбан рөліне түсесіз).
Егер өзіңізді Құтқарушы рөлінде сезіне бастасаңыз, басқалар қиындықтармен өз бетінше күресе алатындай ересек екенін ескеріңіз. Сізден көмек сұраған жағдайда ғана, тек қажетті мөлшерде және өзіңіз маңызды деп санаған деңгейде көмек көрсете аласыз. Адамнан: «Саған қалай көмектесе аламын?» немесе «Саған менің көмегім керек пе? Қандай көмек?» деп сұраңыз. Ол сізге көмек қажет емес немесе қандай көмек керек екенін білмеймін деп жауап беруі мүмкін. Бұл оның құқығы, және қажет болған жағдайда ол сізге өзі жүгінеді.
Психологтар Құрбанмен жағдай күрделірек екенін айтады, өйткені бұл рөлдегілер өз «мәртебесімен» көптеген артықшылыққа ие. Мысалы, басқалардың назарын өзіне аударту, қамқорлық, махаббатқа ие болу және тамсандырту («Мәә, мұның бәрін қалай көтеріп жүрсің!?»). Адам Құрбан рөлінен шығуға тіпті қорқады да: мықты болсам, айналам мені керек етпей қалмай ма дейді. Адамдардың назарынан тыс қалу – Құрбан үшін ауыр.
Құрбан рөлінен шығу үшін, оны өз бетіңізше түсініп, шешуге болады — ол үшін жоғары деңгейде саналы болу және ішкі батылдық қажет. Батыл бола отырып, сіз қорқыныштарыңызды жеңіп, адамдармен және өзіңізбен қарым-қатынас жасаудың жаңа формаларын меңгересіз. Дегенмен, бұл процесті маманның қолдауымен жүргізген дұрыс, өйткені ол сізді осы жолда мұқият бағыттай алады.
Дайындаған: Анара Бауыржанқызы