Ұлт порталының ұжымы Informburo.kz интернет порталының редакциясына Bek Air ұшағында болған шығарушы редактор Дана Круглованың қаза болуына байланысты көңіл айтады.
Дана Круглова 1984 жылы 8 сәуірде туған. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2016 жылы Informburo.kz порталында репортер болып бастаған. 2019 жылдың басында шығарушы редактор болып ауысты.
Айта кетейік, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.
Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты. Осы апатқа қатысты шұғыл желі іске қосылған.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді. Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.