Фото: ашық дереккөз
Тараз қаласында мектеп оқушысын қатарластары аяусыз соққыға жыққан. Салдарынан қыз бала ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқиға туралы зардап шеккен оқушының анасы әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, №51 мектептің 9-сынып оқушысын көшеде жеті қыз жабылып ұрып-соққан. Соққы алған оқушы екі күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан.
Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқушыға жәбір көрсеткен жасөспірімдер полицияға жеткізіліп, қылмыстық іс қозғалған.
«Олардың ата-аналары кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылды», деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
