12 нау, 2026 сағат 12:16

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында елімізде қандай шаралар жүзеге асырылады?

Фото: Gov.kz

Елімізде 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүйелі түрде іске асырылып жатыр. Құжат балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, ықтимал қауіптердің алдын алуға және оларға жан-жақты қолдау көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған, деп хабарлайды Ult.kz.

Тұжырымдама аясында балаларды қорғау тетіктерін жетілдіру үшін жаңа жүйелік тәсілдер енгізіліп, цифрлық құралдар кеңінен қолданылмақ. Қазіргі таңда Қазақстанда 6,2 миллион отбасы бар, оның шамамен 3 миллионы – балалы отбасылар. Отбасыларды қолдау мақсатында ел бойынша 131 отбасыны қолдау орталығы жұмыс істейді.

Бағдарлама аясында отбасы институтын нығайтуға бағытталған бірқатар жаңа бастама қарастырылған. Атап айтқанда, некеге дейінгі кеңес беру жүйесін дамыту, ata.ana.kz платформасында жауапты ата-ана болуға арналған интерактивті курстар өткізу, «Ата-аналар академиясы» жобасын кеңейту, сондай-ақ ата-аналардың баланың мектеп өміріне қатысуын заңнамалық тұрғыда бекіту жоспарланып отыр.

Соңғы жылдары жетім балаларды қолдау бағытында да оң өзгерістер байқалған. Соңғы 10 жылда балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер саны 54%-ға азайып, интернат ұйымдарының желісі 24%-ға қысқарған. Ал 2025 жылы шамамен 3 мың жетім бала отбасыларға орналастырылған.

Балалардың қауіпсіздігін арттыру үшін білім беру ұйымдарында жасанды интеллект негізіндегі бейнебақылау жүйелерін енгізу басталды. Бұл технология агрессия, жанжал немесе буллинг жағдайларын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде мұндай жүйе 46 мектеп пен 8 балабақшада қолданысқа енгізілген. Ал Астанадағы №107 мектепте пилоттық жоба іске асырылып жатыр.

Сонымен қатар зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету үшін еліміздің барлық өңірінде арнайы мамандандырылған көмек кабинеттерін ашу жоспарланған. Онда қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіліп, балаға психологиялық көмек, сараптама және мамандардың қатысуымен сауалнама алу сияқты барлық қажетті қызметтер бір жерде ұсынылады.

Бұдан бөлек, мектептерде тәуекел тобына жататын балаларды ерте анықтауға арналған педагогикалық сүйемелдеу жүйесі енгізіледі. Әрбір бала үшін педагогтер, мектеп психологтары және ата-аналардың қатысуымен жеке профилактикалық жоспар әзірленбек.

Балалар жарақатының алдын алу мақсатында «Балалар қауіпсіздігі терезесі» республикалық ақпараттық акциясы да өткізілмек. Ол балалардың терезеден құлап кету жағдайларын азайтуға және ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Алдағы уақытта мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру аясында mGov платформасында «Баланың жолы» атты жаңа цифрлық жүйе іске қосылады. Бұл жүйе балаларға арналған мемлекеттік қызметтерді бір жерге біріктіріп, түрлі ведомстволардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етпек.

Айта кетейік, 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы биыл қаңтар айында Үкіметтің шешімімен бекітілді. Бұл құжат балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алғашқы бірыңғай стратегиялық бағдарлама саналады. Тұжырымдамада 158 іс-шара мен 10 негізгі индикатор қарастырылған.