13 нау, 2026 сағат 11:20

Үкімет жоспары: 2030 жылға дейін медициналық қызмет сапасы қалай өзгереді?

Фото: Pexels.com

Қазақстан Үкіметі медициналық көмектің сапасын басқаруды жетілдіруге арналған 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті, деп хабарлайды Ult.kz.

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған. Құжат Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында әзірленген.

Жоспардың негізгі мақсаты

Кешенді жоспардың басты мақсаты – пациент медициналық қызмет сапасын бағалау және бақылау процестеріне белсенді қатысатын жүйе қалыптастыру. Құжат медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін тұрақты жақсартуға, процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге және реттеу тиімділігін арттыруға бағытталған.

Төрт стратегиялық бағыт

Жоспарда жүйені дамытудың төрт негізгі бағыты айқындалған:

  • медициналық қызмет көрсету саласындағы реттеуші құралдарды жаңғырту;

  • жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, сапа сараптамасының жаңа моделін енгізу және Ұлттық сапа институтын құру;

  • кәсіби медициналық қауымдастық пен пациенттердің рөлін күшейту;

  • сапаны басқару жүйесін цифрлық трансформациялау.

Цифрландыру және жасанды интеллект

Құжатқа сәйкес, медициналық қызмет сапасын бақылау мен басқару жүйесі деректерге, цифрлық құралдарға және жасанды интеллект технологияларына негізделген жаңа модельге көшеді.
Сапаны басқару жүйесінде цифрлық трансформация жүргізіліп, профилактикалық бақылау жүйесі енгізіледі. Сондай-ақ сарапшыларға арналған автоматтандырылған жұмыс орны құрылып, лицензиядан кейінгі бақылау процестері толық цифрландырылмақ.

Аккредитация және мониторинг

Заңнамалық өзгерістер аясында 2028 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қызмет көрсететін медициналық ұйымдарға міндетті аккредитация енгізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар аккредитациядан кейінгі мониторинг те цифрлық форматқа көшіріледі. Нәтижесінде медициналық ұйымдарды лицензиядан кейінгі мониторингпен қамту деңгейі 70%-ға жетіп, олардың кемінде 80%-ы жаңа стандарттар бойынша аккредиттеледі.

Ұлттық сапа институты құрылады

Жоспар аясында Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығы базасында Ұлттық сапа институтын құру көзделген. Институт әдіснамалық және талдамалық орталық ретінде жұмыс істейді.
Оның қызметі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының техникалық қолдауымен жүзеге асып, пациент қауіпсіздігі бойынша халықаралық стандарттарды енгізуге мүмкіндік береді.

Пациенттердің рөлі күшейеді

Кешенді жоспар медициналық қауымдастық пен пациенттердің рөлін арттыруды да қарастырады. Кәсіби бірлестіктер сапаны тәуелсіз сараптауға және мамандардың клиникалық ойлауын бағалауға тартылмақ.
Ал пациенттерді қолдау қызметін цифрландыру азаматтардың өтініштеріне нақты уақыт режимінде жедел жауап беруге жағдай жасайды.

Негізгі нәтижелер

Жоспарға сәйкес:

  • 2027 жылы сапа сараптамасының үш компонентті моделі енгізіледі;

  • 2028 жылға дейін медициналық көмек көрсету стандарттары толық цифрландырылады;

  • 2028 жылға қарай медициналық көмектің сапасы мен көлемін бақылаудың кемінде 20%-ы жасанды интеллект арқылы жүзеге асырылады.

Үкіметтің мәліметінше, жоспарды іске асыру медициналық көмектің сапасын реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруға, медициналық ұйымдар қызметінің ашықтығын арттыруға және басқарушылық шешімдерді объективті деректер негізінде қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2030 жылға қарай медициналық қызметтердің негізгі сапа көрсеткіштерін жақсарту жоспарланып отыр.