12 нау, 2026 сағат 11:22

7 жыл алимент төлемеген: Семейлік ер адам бас бостандығынан айырылды


Фото: gov.kz


Семей қаласының тұрғыны екі баласына ұзақ уақыт алимент төлемегені үшін жауапқа тартылып, ақыры бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ult.kz.


38 жастағы ер адам жеті жылға жуық уақыт бойы екі кәмелетке толмаған баласына алимент төлеуден жалтарып келген. Соның салдарынан оның қарызы бес миллион теңгеден асып кеткен.


Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Сонымен қатар оған алкогольге тәуелділіктен мәжбүрлі түрде амбулаторлық ем қабылдау міндеттелген.


Сотталған азамат Семей қаласының Орталық ауданының пробация қызметіне есепке алынған. Алайда профилактикалық жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, ол белгіленген талаптарды бірнеше рет бұзған. Атап айтқанда, пробация қызметіне тіркелуге келмей, түнгі уақытта рұқсатсыз тұрғылықты жерінен кеткен.


Осыған байланысты сот бас бостандығын шектеу жазасын 11 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды.


Сотталған ер адам өз сөзінде өткен өміріне өкініш білдіріп, отбасы мен балаларының сенімінен айырылғанын мойындады.


Пробация қызметінің мәліметінше, мұндай есепте тұрған азаматтарға қоғамнан оқшаулаусыз түзелуге мүмкіндік беріледі. Алайда жазаны өтеу талаптары жүйелі түрде бұзылған жағдайда, сот жазаны қатаңдату туралы шешім қабылдайды.


Семей қаласы Орталық ауданының пробация қызметінің бастығы Ержан Есполатовтың айтуынша, бас бостандығын шектеу — адамның өмірін түзеп, отбасы алдындағы міндеттерін орындауына берілетін мүмкіндік. Бірақ бұл талаптар сақталмаған жағдайда жаза бас бостандығынан айырумен алмастырылады.