19 шіл, 2020 сағат 09:15

Үрімжі қаласының барлық аудандары коронавирус салдарынан «әскери уақыт режиміне» ауысты

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы аймағының (ШҰАА) билігі коронавирустың қайта өршуі салдарынан өткен сенбі күні автономдық аймақтың орталығы Үрімжі қаласының барлық ауданында «әскери уақыт режимін» енгізді, деп хабарлайды жергілікті БАҚ.

«Өткен тәулікте (2020 жылдың 18 шілдесіндегі сағат 24:00-дегі жағдай бойынша) Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданында (Шыңжаңдағы өндірістік-құрылыс корпусын есепке алғанда) коронавирус жұқтырудың жаңа 13 оқиғасы мен ауру белгілері жоқ 18 адам анықталған. Барлық оқиғалар Үрімші қаласында тіркелген», - делінген ҚХР ШҰАА Денсаулық сақтау істері жөніндегі комитеттің мәлімдемесінде. 

«Қазіргі кезде Үрімжі қаласы «коронавирустың қайта өршуі себебімен «әскери уақыт режиміне» өтті, қоғамдық іс-шаралардың барлық түрі тоқтатылған, аудандарда қатаң бақылау жүргізілуде», - делінген «Жэньминь Жибао» басылымының микроблогында. 

Үрімжі тұрғындарына ерекше қажеттілік болмаса қаладан шығуға тыйым салынды. Егер мұндай қажеттілік туындаса, коронавирусқа тест тапсыру қажет. Үрімжі қаласында коронавирустың өршуіне байланысты онда әуе және автобус тасымалы қысқартылды. 

ҚХР Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекетттік комитеті жалпы саны 200 адамнан тұратын 10 медициналық бригада құрып, оны Үрімжі қаласында жергілікті тұрғындарды коронавирусқа тестілеуге көмек көрсету үшін жібермек. 

Жалпы алғанда, жексенбі күнгі мәліметтер бойынша, Шыңжаңда коронавирустың жаңа өршуі кезінен бері автономиялы ауданда вирусты жұқтырудың 30 расталған оқиғасы және ауру белгілерінсіз жүрген 41 адам тіркелген. 2,7 мыңнан астам адам медициналық бақылауда. 

Еске сала кетсек, Шыңжаңда жаңа коронавирустың өршуіне дейін автономиялық аймақта COVID-19 вирусының жаңа оқиғалары 149 күн тіркелмеген еді.