Үндістандағы коронавируспен байланысты жағдай күрделі, ел билігінің наурызға дейін вакцинаға мән бермегені анықталып отыр. Бұл туралы BBC хабарлады.
Джонс Хопкинс Университетінің дерегінше, әлем бойынша пандемия басталған кезден бері коронавирус жұқтырғандар саны 153 млн-ға жеткен, қайтыс болғандар саны – 3,2 млн. Коронавирус жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші бір аптадан аса рекордтық деңгейге жетіп отыр. Яғни тәулігіне 800 мыңнан аса оқиға.
Мұның жартысы Үндістанға тиесілі. Өткен сенбіде соңғы деректер бойынша 402 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырған. Елде барлығы осы уақытқа дейін 20 млн адам коронавирус жұқтырып, 219 мың адам қайтыс болаған. Алайда сарапшылар бұл статистиканың шындыққа жанаспайтынына сенімді. Себебі есеп тек дәрігерлердің қарауында болған науқастар арасында жүрді. Мыңдаған үндістандық алғашқы медициналық көмек алмай қайтыс болған.
Осы орайда премьер-министр Нарендра Модидің партиясы шешуші штат Батыс Бенгалиядағы сайлауда жеңіліс тапты.
Әлемдегі ірі вакцина өндіруші Serum үнді институтының басшысы Адар Пунавала Нарендра Модидің үкіметін өз халқын вакцинамен қамтамасыз ете алмады деп айыптады.
Британдық Financial Times-ке берген сұхбатында Пунавала институтқа наурыздың ортасына дейін ел билігінен ірі вакцина партиясына ешқандай тапсырыс түспегенін айтты.
Оның сөзінше, ол уақытқа дейін тек 21 млн доза вакцинаға ғана тапсырыс берілген. Халықтың санымен салыстырғанда, бұл – өте аз. Вакцина тапшылығы маусымның ортасына дейін жалғасады, дейді сарапшы. Сол уақытқа өндіріс көлемін айына 100 млн дозаға дейін ұлғайту жоспарланған. Сонымен қатар AstraZeneca препаратының негізгі көлемін өндіретін Serum институты басқа елдерге экспортты арттыруға ниетті.