Үндістанның оңтүстігіндегі Тамил Наду штатында бес адам қаза тапқан нөсер жаңбырға байланысты ең жоғары дабыл жарияланды. Бұл туралы сейсенбіде Indian Express газеті жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үндістанның метеорологиялық департаментінің мәліметінше, үш күн бойы толассыз жауған нөсер жаңбыр әлі де жалғаасады.
Үндістанның төртінші ірі қаласы және штат астанасы Ченнайдың билігі төтенше жағдайға байланысты апаттан зардап шеккендер үшін уақытша тұру орындарын дайындады, апатқа қарсы әрекет ету ұлттық күштерінің қосымша топтары жұмыс істеуде.
Тамил Надуда толассыз жауған жаңбыр 500-ден астам үйді қиратты, мектептер мен колледждер жабылды.
Өткен айда да бұл аймақта жауын-шашынның нормадан 43%-ға артық түсуі тіркелген болатын.