19 мам, 2021 сағат 12:56

Үндістанда алапат циклон 40-қа жуық адамның өмірін қиып кетті


Үндістанның батысында соңғы екі күнде күшті жел мен нөсер жаңбырдан соң болған «Тауктае» тропикалық циклоны салдарынан кем дегенде 38 адам қаза тапты, деп хабарлайды PTI агенттігі.

Гуджарат штатында кем дегенде 13 адам, ал Махараштра штатында кем дегенде 17 адам мерт болған. Ал бұған дейін Карнатака штатында сегіз адамның көз жұмғаны туралы хабарланған болатын. 

Өткен аптаның соңында Үндістанның оңтүстік-батыс жағалауындағы Лакшадвип аралдары аумағында Араб теңізінде пайда болған циклон күшті нөсер мен 155-165 км/сағ-тан 190 км/сағ-қа дейінгі сұрапыл желге ұласты. 

Гуджараттың бас министрі Виджай Рупанидің айтуынша, 16 мыңнан астам үй бүлінген, 40 мыңнан астам ағаш және 70 мыңнан астам электр бағаналары мен электр желілерінің діңгектері дауыл салдарынан құлаған, 5 951 ауыл электр жарығынсыз қалған. 

Махараштра қаласында алдын ала бағалау нәтижесінде 11000-нан астам үйге жартылай зиян келгені анықталды. Билік қирандылар мен зардап шеккендер туралы ақпарат жинауды жалғастыруда.