«Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат» салт атты сапар 13-ші мамыр күні жазушы, «Алаш» партиясының мүшесі Жүсіпбек Аймауытов атындағы ауылда болды. Саяхатшылар тобын аудан әкімінің орынбасары Мәдениет Ахметов, ауыл әкімі Руслан Мұқашев және ауыл ақсақалдары қарсы алды.
«Алаш» партиясының жүз жылдығына орай, әулиелі Қызылтау бауырында орын тепкен қасиетті мекенде облыстық көкпар турнирі ұйымдастырылды. Тартысты турнирде Май ауданының «Саты» ауылының командасы топ жарды. Жеңімпаздарды салт атты шеру мүшелері марапаттады.
Тарихымызға тағзым етіп, ұлылар рухына тәу ету мақсатында жолға шыққан ұлттық өнер мен мәдениетіміздің жанашырлары жолшыбай Лекер қажы ауылына ат басын бұрып, ғұмырында екі рет басты парызын өтеген, дүние-мүлік, байлық жимай, ақыл-парасатымен, көрегенділігімен ортасына сыйлы болған қажы ата аруағына құран бағыштаған болатын.
Салт атты шеруде атқа қонған өлкетанушы, шежіреші Рамазан Нұрғалиев өлкенің тарихымен таныстырды. Алдымен Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасында атақты Паң Нұрмағамбеттің әкесі Сағынайға үш жүздің басын қосып Ерейментауда ас берген жиында, мың үш жүз аттың ішінен шашасына шаң жұқпаған жүйрік тұлпарды жазбай таныған Қозған Күреңбай сыншының мәңгілік жай тапқан мекенін көрсетті.
Сыншы бейітінен Хазірет қыстағына жол тартқан шеруге алыстан Мәдидің Үшқарасы менмұндалап тұрды. Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданы мен Жүсіпбек ауылын Түндік өзені бөліп жатыр. Рамазан Дінісұлы Хазірет қыстағындағы ескі жұрттың орнын көрсетті. «Бұл жер ескі медіресенің орны. Бұны Бұхарадағы Көкілташ медресесінде оқыған Әбілда хазірет Исабекұлы Күлік руының бай-қуатты азаматтарының көмегімен салдырған. Бұл медіреседе Жүсіпбек Аймауытов пен Қадыр Тайшықов сауат ашқан» - деді өлкетанушы. Бұл медіресенің тағы бір ерекшелігі қыз балалардың да білім алғандығы. Күлік елінің азаматтары қыздарының да көзі ашық болғанын басты назарда ұстаған.
«Жүсіпбек Аймауытов дүниеге келген Дәндебай ауылы қазіргі ауыл тұрған жерден он екі шақырымдай қашықтықтағы Қараның адыры деген жерде. Дәндебай ауылы қолөнершілікті аса жоғары деңгейде дамытқан. Сол кезеңдерде «Дәндебай көрпелері», «Дәндебай сырмағы», «Дәндебай тымағы» деген сөздер көп айтылған. Сол Дәндебайдан Оймауыт, Торғауыт, Әбдіраман, Иса, Оспан деген бес ұл туады. Бес ұлдың үлкені Оймауыт Жүсіпбектің әкесі» - деді Рамазан Нұрғалиев.
Әулиелі Қызылтау бауырында жерленген есімдері осы өңірге кеңінен таралған марқұмдардың бейіттерін аралап, құран бағыштаған салт атты сапар қазақ театрының атасы Жұмат Шанин атындағы ауылға жол тартты.
Арнайы Ұлт порталы үшін Баянауылдан Еламан ҚАБДІЛӘШІМ