09 жел, 2019 сағат 12:21

Ұлықбек Есдәулет: Әдебиет әдептен басталады

– Ұлықбек Оразбайұлы, Қазақстан Жа­з­­­ушы­лар одағының құ­рыл­ға­нына, міне, 85 жыл толып отыр. Зиялы қауым көп шоғыр­лан­ған орда осы шығарма­шы­лық одақтар ғой, соның ішінде Жа­­зу­­шы­лар одағын сәулелі ой­дың, ізгіліктің, жақсылықтың жар­­­ш­ы­сы секілді қабылдау дағ­­ды­­сына әл-әзірге нұқсан ке­ле қойған жоқ. Бұрын «социа­листік реализмг­­е» бағын­ды­рыл­­са да, әдебиет мейіріммен, адал­­ды­қпен, биік сезім­дермен қорек­­те­не­тін, бүгінгі әдеби­ет неден нәр алып, қалай тыныс­тап ке­леді?

– Өте дұрыс айтасың. Әдебиет әдептен басталады. Көркем әдеби­ет деген ұлағатты ұя – мектеп, құттыхана мешіт секілді киелі ұғым, оған арам ниетпен, арам­за көңілмен аяқ басуға болмай­ды, барсаң ақ жүрекпен, адал мақ­сат­пен кіруге тырыс, ал үнемі бас сұ­ғар болсаң, бойдағы күмән мен күнәңнан арылып, түбінде тазарып, іштей байып шығасың. Ал Жазу­шылар одағына, осы көркем әдебиетімі­здің арқасүйер асқар т­ауы іспетті шығармашылық ұй­ым­­ға 85 жыл толғаны туралы ой тарих­тың терең қатпарларына же­те­ле­йді.

XVIII ғасырда өмір сүрген Уго Фосколо деген итальялық ақы­н: «Әдебиет – ең еркін де тәуел­сіз өнер, егер ол сатқын бол­са, соқыр тиындық құны жоқ» деген екен. Өзің айтып отыр­ған социалистік реализм – қылы­шы жалаңдаған цензураның кін­ді­гі бір егізі болғандықтан шығар­ма­шы­лық еркіндікті шектеп, бодан жүйенің бодауына байлап берге­ні, тәуелсіздігін тұқыртып бақ­қаны ақиқат. Идеологиялық доктри­на­ның қолжаулығына айналып, сойы­лын соғуға мәжбүр болған сондай сұр­қыл­тай заманның өзінде біздің шынайы шығармашыларымыз көркем шындыққа жүгіне біліп, әдебиеттің асыл мұратынан айны­ма­уғ­а тырысты. Өзің тамырын тап басып, тарата айтып отырғандай, ізгіліктің ізін салып, мейірім мен қайырымның қазынасы бола алды. «Қасқа айғырдың тұқымы қасқа тумаса да, төбел туады» дегендей, бүгінгі әдебиет – кешегі әдебиеттің бел баласы. Дегенмен, оның ішінде «іштен шыққан шұбар жылан» да, «ала да, құла да» бар. Себеп қоғамдық формациямен бірге шығар­ма­шылық ізденістердің де арнасы, бағыт-бағдары өзгерді. Екі­нші­ден, ауыздық-ноқта, кісен-ші­дер­ден ада-күде арылған жаңа, азат дәуірдің әперген жаңа мүм­кін­ді­ктері туып, қаламгерлерге интернет пен әлеуметтік жүйелер арқы­лы әлем кітапханаларына емін-еркін кіріп, әлем әдебиетімен қалағаныңша сусындауға кең жол ашылды. Буржуазиялық қоғамға көз жұма қойып кеткенімізбен, әдебиеттің ежелден ізгілікке, адамсүйгіштікке баулитын функциясы бәрібір бұлжи қойған жоқ.

– «Әд­еб­и өмір шежіресі» атты анық­та­малықты парақ­тай оты­рып, Қазақстан жазу­шы­лар­ының І съезінде сөйлеген С.Сейфулиннің сөзінен бас­тап, Одақ­тың, жалпы әдебиеттің өсіп-өркендеу процесіне ұйытқы бол­ған І.Жансүгіровтің, одан ке­йін­гі жылдардағы С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, Ә.Әлімжанов, Ж.Молдағалиев, О.Сүлейменов, Қ.Найманбаев, Н.Оразалин жасаған баяндамалармен танысып, әр кезеңдегі әде­биеттің тағдыры да, көтерген жүгі де әртүрлі болғанын бағам­да­­дық. Тәуел­сіз­дік­тің отыз жыл­ды­­ғын түйін­дей­тін тұстағы әде­­биет­­ке қойылатын басты сұ­рақ: қоғам күткен жаңа дәуір ке­йіп­ке­рінің бейнесі елес күйін­де келе ме, әлде жасалды ма?

– Тыңнан тартылған тәуелсіздік тақырыбы алғашқы он жылдықта жедел толғайтын ақындар болмаса, прозашылар үшін оңай шағыла қоймай­тын бітеу тас жаң­ғақ­қа айнал­ғаны рас. Өйткені жет­піс жыл бойы сомдалып келген мінсіз мінезді жағымды кейіпкер, ұнамды образ жасау тәсілі жаңа заманға лайықсыз көрінді. Нарық заманы адамды да, қоғамды да ық­ты-жарға көнбейтін ымырасыз, ырықсыз ыңғайына бүктеп бақты. Дегенмен қазақ прозасы аузын қу шөппен сүртіп отырып қалмады, кібіртіктеп бастаса да, жаңа кезеңнің кешеніне керек кірпішін құйып, қабырғасын қалау­ға кірісті, өткеннен қалған кетік­ті бітеуді қолға алды. Про­за­да алғаш алға ұмтылған жастар мен жасамыстар болды: Ғаби­ден Құлахметов, Таласбек Әсем­құлов, Жүсіпбек Қорғасбек, Талап­тан Ахметжан, Нұрғали Ораз, Дидар Амантай, Айгүл Кемел­баева, Нұржан Қуантайұлы, Талғат Кеңес­баев, Сәуле Досжанова, тағы басқа бүгінгі күннің тынысын сез­ді­ретін әңгіме, повесть, роман­да­рын ұсынды. Кейінірек күндей күркіреп, ауыр артиллерия қо­сыл­ды: Әбіш Кекілбайұлы, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Әнес Сарай, Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржеке, Софы Сматай, Қажығали Мұ­ха­мет­қалиев, Кәдірбек Сегіз­бай­ұлы, Тынымбай Нұрма­ға­н­бетов, Мархабат Байғұт, Несіпбек Дәутайұлы, Дидахмет Әшімхан­ұлы, Әлібек Асқаров, Серік Байхонов, Қуандық Түменбай, Рахымжан Отарбаев және тағы басқа өміршең әңгімелеріне тіркестіре кесек-кесек туындылар ұсынды.

Іздеген адам осы қалам­гер­лер­дің және аты аталма­ған жас жазушылардың жаңа шығар­ма­ла­ры­нан жаңа дәуір кейіпкерлерін жазбай табары сөзсіз.

– Әдеби жанрлар жұмысы қа­лай үйлестіріліп отыр? Бұ­рын дағдарыс жалпы әдебиет­тің ба­сын­да тұрғандай көрі­не­тін, ал қазір жекелеген жанр­­лар­­дың ғана тығырыққа тіре­ліп отырғаны байқа­ла­ды. Жанр­лар­­дың бағыты, даму дең­ге­йі қа­лай? Әдебиетшілердің шы­ғар­ма­­шылығы шындап ой елегінен өткі­зіліп, шынайы бағасын дер кезінде алып жатыр ма?

– Проза мен поэзия, драматургия салаларында ауыз толтырып айтуға тұратын туындылар дүниеге келді. Дулат Исабеков ағамыз драматургия туын Еуропа театрларында желбіретіп жүр. Сұлтанәлі Балғабай, Иранғайып, Ермек Аманшаев, Серік Асылбек, Роза Мұқанова, Думан Рамазан, Мәдина Омарова, тағы басқа драматургтердің пьесалары өз көрерменін тапқанына куәміз. Поэ­зия­дан Темірхан Медетбек, Ис­раил Сапарбай, Жәркен Бөдеш­ұлы, Несіпбек Айтұлы, Есенғали Раушанов, Серік Ақсұң­қар­ұлы, Гүлнар Салықбаева, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Мейірхан Ақдәулетұлы, Байбота Қошым-Ноғай, Ертай Ашықбай, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Мұрат Шаймаран, Маралтай, Талғат Ешенұлы, Бақыт­жан Алдияр, Бақыт Бедел­хан, Жарас Сәрсек, Ақберен Елге­зек, Ерлан Жүніс, тағы басқа ақын­дар­дың заманауи жырлары мен поэма­ла­рында жаңа дәуір тыныс­тап тұр.

Сондай-ақ ол жанрлармен қа­тарласа сатира мен балалар, жас­тар әдебиеті де ойдағыдай дамып келеді. Бірақ бүкіл жанрда­ғы­лар­дың бәрі бірдей шынайы бағасын уақтылы алып жатыр деп айта алмаймын. Себебі біз көркем сынды өрістете алмай отыр­мыз. Әлия Бөпежанова, Бақыт Сарбалаев, Тұрсынжан Шапай, Әмірхан Меңдеке сияқты сарабдал сыншылар қағынан безген киіктей өзге өріске ауып, ет жақын жанрларына жоламай жүр. Әдеби сынға бұл күнде Әмина Құрманғалиева, Амангелді Кеңшілікұлы, Бағашар Тұрсынбайұлы сияқты тағы бас­қа бірен-саран ғана саусақпен санар­лықтай дарынды, талғампаз қаламгерлер болмаса, көбі бет­тей­тін емес. Ал шығармаларға деген қоғамдық пікірді оятатын да, пайымдап, тұжырымдайтын да, түйінді сөзін айтатын да сыншылар қауымы екені аян.

– Жазушылар одағының ай­мақ­­тағы бөлімше бас­шы­­лары қа­йта тағайындалды. Көпшілігі жас­тар. Жас­тарға басымдық бе­ру­дің сырына тоқталсаңыз...

– Аймақтағы бөлімше басшы­ла­рының ішінен Қарағандыдағы филиал директоры, ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы елден бұрын өті­ніш беріп, өз еркімен жұмыстан босатуды сұрап, орнына талантты прозашы әрі ақын, «Қасым» журналының бас редакторы Серік Сағынтайды ұсынды. Көп ұзамай Жам­был облыстық бөлімше бас­ты­ғы көрнекті прозашы Несіпбек Дәутайұлы да өз орнына талантты ақын Хамит Есаманды қоюды өтінді. «Ақ Жайықтың ақ шаға­ласы» атанған ақын апамыз Ақұш­тап Бақтыгереева да, Кереку­де­гі күрескер ақын, филиал басшысы Арман Қани да кейінгі кездері сондай өтініш білдіруде. Мәселе – мазасыз міндеттен мойын босатып, бірыңғай шығармашылықпен алаңсыз айналыссам деген байламда.

– Онда уақыттың жаңа талабы жұ­мыстың да жа­­ңа­ша тәсілі мен формасын қаж­ет ететіні бел­гі­лі. Басқар­ма­ның төра­ға­лы­ғына келге­лі басқа­ру­дың қан­дай қиын­ды­ғымен бетпе-бет кел­діңіз? Қандай ой түйіп жатырсыз? Қазақ­стан Жазу­шылар одағы қа­лай өмір сүріп жатыр?

– Құдайға шүкір, әдебиетті құр­мет­тейтін, қалам­гер­лер­ге жана­шыр абзал азамат табылып, Жазу­­шы­лар одағын тығырықтан алып шығуға қолұшын берді. Өзі­­міз де «Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым, қызыл қа­ным­­ды ағыздым» деп Күлтегін жырлағандай, күні-түні тынымсыз жұмыс істеп, қаражат табуға негіз­дел­ген көптеген жаңа жоба жасап, іске қостық. Сөйтіп шаш ағартып, жүйке жұқартып, жүректі қысқан небір қиындықтың бәрі бастығырылып көрген түстей болып қалды.

Бізді құтқарған «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламасы болды. Жаңа жобалардың арқасында қоржы­нымызға там-тұмдап болса да қаржы түсе бастады. Қызмет­кер­лерімізге ақырындап айлық төлеп, ұйымымыздың мойнына жылдап жиналған салықтар мен несиелерден біртіндеп құты­лып, жұмыс ырғағын қалыпты жағ­­дайға түсірдік. Мелжемді жобаларды қолға алып, Аста­на­ның 20 жылдығына арналған халықаралық поэзия фестивалі, дүбірлі еуразиялық жазушылар форумы, биыл көктемде Нұр-Сұлтан қаласында өткен Жібек жолы бойындағы астаналар қалам­герлерінің форумын ұйымдас­ты­рып, өзімізді істе сынап көрдік. Келе-келе аса ірі мегажобаға тәуекел еттік. Ол – биыл қыркүйектің басында елордада өткен бүкіл Азия жазушыларының І форумы. Азия­ның 44 мемлекетінің 38-інен 80-ге тарта қаламгер қатыс­қан бұл басқосу мәдениет пен әдебиет тарихына кірді. Бұған де­йін мұндай форум елімізде бір-ақ рет, 46 жыл бұрын Алматыда Азия-Африка жазушыларының V кон­фер­ен­ция­­сы ретінде өткізілген болатын. Осы кездесулер кезінде көп­теген елдің Жазушылар ұйым­да­рымен меморан­думдарға қол қо­йып, өзара байланыстар орнат­тық.

– Талантты адамдар тір­ші­лікке икемсіз келеді деп қор­ғаш­­тап келдік, ендігі нарық­тың қатал заңы мен ереже­сін қалам­гер­лердің жас-жасамысы бар, то­лықтай тү­сініп, мойын­сұ­нып қал­ған болар?

– Түсін­уін түсінді ғой. Бірақ одан не пайда? Қоғам­дық форма­ция ауысса да, қаламгерлердің басым көпші­лі­гі­нің мінез-құлқы жаңа заманға бейімделе алмай отыр. Жаратқан ақын-жазушыға қаламгерлік дарын бер­ге­німен, коммерциялық қабілет бермеген. Кешеден бүгінге аттаған аға буын жазушылардың бірен-са­ра­ны болма­са, негізінен, шығарма жазу­дан басқаны білмейтін олақ, орашолақ, бейғам, көбісі сөзге пысық болғанымен, өзің байқа­ған­дай, тіршілік пен тұрмысқа икемсіз, алым-берім саудадан ма­қрұм, нарықтың қатыгез езгі­сі­нен қорғануға қабілетсіз келе­ді. Мойынсұнғаны соншалық, «Құдай салды – біз көндік» деген қорғансыз күйде. Бір замандағы күреп алардай қаламақы тағы жоқ. Сондықтан да біз оларға қаржылай, материалдық және мо­раль­дық көмек болсын деп облыс әкімдеріне хат жазып, жергілікті қаламгерлерге грант, сти­пендия тағайындауын, марапаттар әперіп, кітаптарын шыға­рып беруін сұрап отырмыз.

Бірнеше облыстың әдебиетті құр­меттей білетін мәртебелі әкім­де­рі ұсыныстарымызға құлақ асып, жоба-жоспарларымызды қол­дап, қуаттап отыр. Әсіресе біз­дің бастамаларымызға үнемі оң көзбен қарайтын Атырау облы­сының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың, Ақтөбе облы­сының әкімі Оңдасын Ораза­лин­нің қаламгерлерге деген аса зор жанашырлығын атап айтуды парызым деп санаймын. Олар әдебиет әлеміне үлкен қамқорлық жасап келеді. Сондықтан оларға және елордамыздағы Абай даң­ғы­лының көрнекті жерінен «Қа­ламг­ерлер аллеясын» ашып, қос жаға­лаудың тоғысқан тұсынан Жазушылар одағының филиалына еңселі ғимарат сыйлап, ішін жиһазға толтырып, коммуналдық шығындарына дейін шешіп берген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке алғысымыз зор. Сондай-ақ жас қаламгерлерге көң­іл бөлген Алматы, Қарағанды, Ақмола, Жамбыл облыстарының басшылары Амандық Баталовқа, Жеңіс Қасымбекке, Ермек Мар­жық­­паевқа, тағы басқа және «Абай әлемі» кітапханасын шығарып отырған Шығыс өңірінің әкімі Даниал Ахметовке, сонымен қатар көрікті көшелеріне ұлы Абай­дан бас­тап Ақберенге дейінгі ақын­дардың жыр шумақтары мен көрнекті суреттерін жарқырата іліп, Шымкентке поэзиялық шырай қосқан жас әкім Ерлан Айта­ханов­қа ризашылық білдіреміз.

– Осы уақытқа дейін халық қолына қалам ұста­ған мық­ты­лард­ың иір-қиыр міне­зіне кеші­рім­мен қарап, мүм­кін­ді­гін­ше қадірлеп, алақанына салып аялап бақты. Олардың ұғымында ақын ақын емес,  періште еді. Жазушыны да пір тұтып, әр шы­ғар­масына табынды. Бірақ сөйтсе де сын сағат­та­рында, тағ­дыры таразыға тартылып жататын тұста үнсіз қалса, қара орман қазақтың оларды кеші­ре алмай­тын қаталдығы да бар. Ха­лық қазір қалам­гер­ді дәл осы­­лай қадірлей ме, билік оның сөзімен кеше­гідей санаса ма?

– Ондай көзқарас әлі де бар. Жазушыларымыздың алғы шебінде аузы дуалы ақсақалдарымыз бен қай ортада болсын бәтуәлі пікір, орнықты ой айта білетін білікті, беделді қайраткерлеріміз жоқ емес. Елдік мәселелерде, тіл мәртебесі, жер тағдыры тар­тыс­қа түскен алмағайып тұс­тар­да қаламгер қауым «бетің бар, жү­зің бар» демей билікке өз кесімін айта білді. Әсіресе аға буын­ның әрқашан да шындық биі­гінен табылып, күрескерлік, қай­рат­кер­лік тұғырдан көрінгеніне тарих куә. Олармен халық та, билік те санасады. Бірақ бұрын ұлт мүд­де­сін қорғап жүрген бірен-саран аса беделді жасы үлкен аға қаламдастарымыз кейінгі уақыт­тар­дағы басқосуларда мінбеге шыға қалса, елдің, әдебиеттің жайынан бұрын өздерін өздері дәріп­теу­ге ден қоя бастағаны байқалады. Халық қазанын қайнатуда шаршап-шалдығып жатса да, оларға Алаш жұрты риза. Демек, көптің ойын айтуда олардың сөзін жал­ғай­тын, орнын басатын жаңа буын қалам қайраткерлері керек. Қай жазушыға болсын қалау­лы­сындай қарайтын халық бізден медеу болар мінез, демеу болар сөз күтеді.

– Соңғы уақытта Одақ төңірегінде де, ПЕН-клуб жағында да әдеби фо­рум­дар жиі өткізіліп жүр. Әлем­нің әр елінен келетін қаламгерлердің әрқай­сы­сы да ағыл­шын тілін­де ағып тұрады, орысшасы да су төгіл­мес жорғадай. Ал біздің қалам­гер­­ле­рім­із­дің шет тілі­нен мақ­рұм болуын немен түсін­дір­сек бола­ды?..

– Рас, ұлттық әдебиетке деген оң көзқарас қалыптасып келеді. Президент пен оның Әкімшілігі, Мемлекеттік хатшы, әкімдер мен министрлер Жазушылар одағына мойын бұрып, құлақ түріп, қолдай бастағанына шүкіршілік айтамыз. Олардың алқауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Әдеби өлкетану» жобасын іске асырдық. Соның арқасында ауылдан, өлке тарихынан қол үзіп қалған қаншама қаламгер ел мен жерді аралап, жаңа шығармалар жазып, қаламақысын алды. Жазғандары енді кітап болып жарық көрмекші.

Қазақ әдебиетінің екі томдық антологиясы БҰҰ-ның әлемге ең көп тараған алты тіліне аударылып, тұсаукесерлері бірінен соң бірі өтіп жатыр.

Тіл білу туралы бірер сөз. Көп тіл білген адам көше­лі келеді. Оған Мұрат Әуезов, Есенғали Раушанов, Бақытжан Қанапиянов, Дәурен Берікқажыұлы, Танагөз Толқын­қызын мысалға тартар едім. Олар қазақ әде­биеті­нің күллі дүниеге қанат жаюына зор еңбек сіңіріп жүр. Бұрын бізде орыс тілінен басқа шет тілін білуге деген ынта болмаған. Сұраныс болмаған соң ынта қайдан болсын?

Ал былтырдан бері ұйымдас­ты­рылған халықаралық форум­дардан кейін қаламгерлер қауы­мын­да ондай сұра­ныс пайда болды. Шет тілдердің, соның ішінде ағыл­шын тілінің қажеттілігі анық сезілді. Мұны үш тұғырлы тілге қарсы болып жүрген кейбір қалам­дас­тарымыздың өздері іштей мойындады. Біз Азия форумын өткізерде Жазушылар одағына шет тілдерін меңгерген кілең жас­тарды жұмысқа тарттық, оған қоса «Томас эдюкейшн» компа­ниясынан екі мұғалім жалдап, қызметкерлерімізді жаз бойы ағылшын тілі курсынан өткіздік. «Жеті тілді білген ер жеті жұрттың қамын жер» деген бар. Біздің ақын-жазушыларымыз жеті жұрттың қамын жемей-ақ, өз шығар­масының қамын жеуі үшін де тіл білуі қажет екенін бағам­дап қалды. Өз қазанында өзі қайнай бермей, шетелдік қаламдастарымен араласып, шет тіліне аударылатын кезең келді. Бұл тіл білу мәселесінде қазірдің өзінде жастардың мойны озық тұр.

– Біз, әдетте, ақын мен жазу­шы­ның өз болмысын жазған шығармасынан танып жатамыз. «Ақыннан келер қауіп жоқ, егер оның ашуына тимесең» деп келетін өлең жолдары болушы еді. Ақын ретінде сізді не ашын­дырады, не ашуландырады?

– Көпе-көрінеу жасалған әділет­сіз­дік ашындырады, жалған­дық пен екіжүзділіктен жек көретінім жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»