21 шіл, 2025 сағат 17:41

Қазақстанда 2100-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда

Фото: ашық дереккөз

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласында айтарлықтай ілгерілеу байқалды. Бүгінде еліміз бойынша жалпы сомасы 33,1 млрд теңгені құрайтын 2105 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл жобалар инклюзивті қоғам қалыптастыру, әлеуметтік осал топтарды қолдау, сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, оның ішінде ауылдық өңірлерде де кеңінен қамту мақсатында жүргізілуде.

1 шілдеден бастап мемлекеттік гранттар беру және оларды бақылау ережелерінің жаңартылған редакциясы күшіне енді. Жаңа тәсілдер рәсімдерді жеңілдетіп, ашықтықты арттырды, соның нәтижесінде үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) жобалардың мазмұнына көбірек көңіл бөлуге жол ашылды. Соның нәтижесінде гранттарға келіп түскен өтінімдер саны 7,7%-ға артты, ал бір грантқа орташа 16,9 өтінім тіркеліп, бәсеке күшейді. Бұл азаматтық сектордың мемлекеттік қолдау тетіктеріне сенімі артқанын көрсетеді.

Гранттық қаржыландырудың нақты әлеуметтік нәтижесі де бар. Жыл сайын мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына жағдай жасалып, 500-ден астам оқыту іс-шарасы өткізіледі. Биылдың өзінде 3 мыңға жуық азамат еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеріп үлгерді.

ҮЕҰ-мен әріптестікті нығайту мақсатында Жетісу, Жамбыл, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында мыңнан астам ҮЕҰ өкілі қатысқан форумдар ұйымдастырылды. Жүзден астам практикалық ұсыным әзірленіп, қазан айында Астана қаласында өтетін XII Республикалық Азаматтық форумда қорытындыланбақ. Форумға мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам, бизнес және халықаралық сарапшылар қатарынан 700-ден астам қатысушы шақырылады.

Қоғамдық бақылау жүйесінің маңызды буыны – Қоғамдық кеңестер. Қазіргі таңда елімізде 264 кеңес жұмыс істейді, оның 36-сы республикалық деңгейде. Кеңестер құрамында 4 мыңға жуық белсенді азамат бар. Биылғы жартыжылдықта олар 1500-ден астам нормативтік-құқықтық акт жобасын қарап, 200-ден астам қоғамдық тыңдау және 300-ге жуық мониторинг жүргізген.

Сонымен қатар, қоғамдық кеңестер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдап, өңірлерде 65-тен астам іс-шара өткізді. Экологиялық мониторингтер барысында туристік аймақтар, жасыл белдеулер, рұқсатсыз қоқыс полигондары мен жер қойнауын пайдаланатын орындар қамтылды.

KAZKENES.KZ бірыңғай интернет-платформасы қоғамдық кеңестердің жұмысын ақпараттық тұрғыда сүйемелдеп келеді. 2025 жылдың алғашқы алты айында платформаға 1,5 миллионға жуық қолданушы кірген. Бұл ресурс азаматтармен ашық диалог құрудағы маңызды құралға айналды.

Қазақстандағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен қоғамдық бақылау институтының дамуы — үкіметтік емес секторды қолдауға және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысуына бағытталған стратегиялық қадамның нақты көрінісі.