06 мам, 2024 сағат 17:25

Су тасқыны кезеңінде халыққа қандай медициналық көмек көрсетілді? Денсаулық Сақтау Министргі өкілі мәлімдеме жасады

Фото: ТЖМ

Денсаулық Сақтау Министргі өкілі су тасқыны кезеңінде халыққа қандай медициналық көмек көрсетілгенін айтты деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".


"Бүгін біз апат салдарынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына медициналық көмек көрсету туралы ақпаратты аяқтаймыз.Су тасқыны басталған сәттен бастап медициналық ұйымдар медициналық көмектің барлық түрлерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін толық дайындық режимінде жұмыс істеді. Осылайша жедел медициналық жәрдем қызметтерінің, стационарлардың қабылдау пункттерінің және МСАК ұйымдарының жұмысы күшейтілді", -деді Әйгерім Оразәлиева Орталық Коммуникациялар Қызметінде өткен брифингте.
 
Маманның сөзінше, су тасқыны басталғаннан бері эвакуациялық пункттерде тәулік бойы жұмыс істейтін 106 медициналық пост орналастырылды. 

Эвакопункттерде медициналық және медициналық-психологиялық көмек көрсету үшін 600-ге жуық медицина қызметкері, оның ішінде 101 дәрігер, сондай-ақ 47 психолог тартылды.


"Бұған дейін хабарлағанымыздай, су тасқыны болған аймақтарда су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды уақытша орналастыру орталықтарына (пункттеріне) шығатын мобилдік бригадалар ұйымдастырылды. Жүкті әйелдердің, балалардың жағдайына тұрақты медициналық бақылау жүргізілуде. Жергілікті жерлерде нақты үйлестірудің арқасында пациенттер штаттық режимде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды алуды жалғастыруда", -деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразәлиева. 


Су басқан аймақтардан эвакуацияланғандардың арасында денсаулық жағдайы дәрігерлердің бақылауында болатын созылмалы аурулары бар 1 318 адам бар көрінеді. Су тасқыны салдарынан зардап шеккендерден психологиялық көмекке 2805 өтініш тіркелді.Табиғи апаттың барлық кезеңінде су басқан елді мекендерден 445 жүкті әйел эвакуацияланды, 474 босандыру қауіпсіз қабылданды, барлық сәбилер мен аналар патронаждық қызметтердің қамқорлығында.Су басқан аудандарда барлығы 4 мыннан астам бала эвакуацияланды, олардың 65 кішкентай пациенті амбулаториялық және стационарлық деңгейде емделуді жалғастырып жатыр екен. 
 

"Инфекциялық аурулардың туындауының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды. Санэпидқызметтер сумен жабдықтау көздеріне күнделікті күшейтілген мониторинг пен бақылауды жүргізеді. Су тасқыны басталғаннан бері санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге 11 мыңға жуық ауыз су сынамасы іріктеліп, зерттелді. Бүгін біз күш-жігерімізді эпидемиялық маңызы бар нысандарды дұрыс дезинфекциялауға бағыттадық. Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бақылауымен осындай 6 мыңнан астам нысанға дезинфекция жүргізілді. Дәрігерлер мен санэпидқызметтің үйлесімді іс-қимылдарының нәтижесінде инфекциялық аурулардың, соның ішінде ішектің, уланудың өршуі жағдайларына жол берілмеді, сынама алу кезіндегі барлық көрсеткіштер қауіпсіз диапазонда. Су тасқыны аймақтарында зардап шеккендерді медициналық көмектің барлық түрлерімен қамтамасыз еткен біздің барлық медицина қызметкерлерінің еңбегін атап өткім келеді", -деді маман.