30 қыр, 2021 сағат 19:16

Ұлыбританияда ұлттық өнеріміз паш етілді


Қазақстандық өнерпаздар Ұлыбритания жұртшылығы алдында өнер көрсетті. Made in KZ тобы және Айбек Бекбосын қазақтың ұлттық аспабы домбыраны Кембридж қаласының халқына паш етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кембридж университетінің Фицуильям мұражайында «Ұлы дала алтыны» көрмесі ашылғаны белгілі. 

Оған Шығыс Қазақстан облысындағы ежелгі сақ қорғандарынан табылған алтын артефактілер қойылған. 

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған шараға отандық өнерпаздар да өз үлесін қосты. 

Ағылшын рыцарьларының дулығасы мен мүсіндеріне арналған мұражай галереялары бір кешке қазақ өнерінің ордасына айналды. 

Қазақстандық шығармашылық өкілдері баршаға таныс хит әндер мен ұлттық фольклордан шашу шашты. 

Еуропалық көрерменнің көңілін бірден баурап алу үшін алдымен оларға таныс, жүрегіне жақын әуендерді қара домбыраның үнімен қазақи нақышта жеткізуге тырысты. 

«Тыңдарманға өзіміздің кавер-нұсқаларымызды ұсындық. Ол әлемдік хит әндерден, оның ішінде британдық әншілердің хит әндерінен және де әрине, өзіміздің қазақ әндерін, Шәмші Қалдаяқовтың, Құрманғазы атамыздың күйлерінен ұсындық», - дейді Made in KZ тобының жетекшісі Бауыржан Итекеев. 

«Біз әнді жанды дауыста, 100 пайыз жанды дауыста орындаймыз. Өйткені біз жанымызбен, тәнімізбен сапалы музыкаға басымдық береміз», деді Made in KZ тобының әншісі Назым Итекеева. 

Made in KZ тобының тағы бір мүшесі Жандос Әкімбаевтың айтуынша, өнерпаздар домбыраның үнін бүкіл әлемге танымал еткісі келеді және Made in KZ тобын брендке айналдырғысы бар. 

Өнерпаздардың концерті ертесіне ашық аспан астында жалғасты. Мұражай жанынан өтіп бара жатқан Кембридж қаласының тұрғындары кідіріп, әсем ән мен тәтті күйлерді сүйсіне тыңдады. Аялдамаға тоқтаған екі қабатты автобустардың жолаушылары болсын, көше тазалап жүрген жұмысшылар болсын қос ішекті музыкалық аспаппен жақынырақ танысқысы келді. Ұялы телефондарына түсіріп, ырғақты музыкаға қосыла билегендер де табылды. 

«Шығармашылық алдында бас иетін, өнер десе ішкен асын жерге қоятын жергілікті тұрғындар келіп, домбыраға қызығушылық танытып жатыр. Ол дегеніміз қазақ жұртының армандарының бірі орындалды деп ойлаймын. Қазақтың қасиетті қара домбырасы бүкіл әлемді жауласа ол біздің мақсатымыздың орындалғаны», - дейді күйші-композитор, Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының директоры Айбек Бекбосын.

«Мен бүгін көрмеге кіргім келді. Бірақ халық өте көп болғандықтан кіру мүмкін болмады. Оның орнына сіздердің музыкаларыңызды тыңдау құрметіне ие болдым және шынымен де рахат сезімге бөлендім. Бұл ұлттық дыбысты ести отырып, жаңа ғана интернетке жедел кірдім және оның аты домбыра екенін білдім. Қазір аспапты қолыма ұстап отырып, оның ғажап екеніне көзім жетіп отыр», деп тыңдармандардың бірі, зейнеткер Никола Харрисон қуанышын жасырмады. 

Қазақтың төл өнеріне тәнті болған ағылшындар Қазақстанға барып, Ұлы дала өркениетін өз көзімен көргісі келетіндерін айтып жатты. Өнерпаздардан шағын шеберлік сабағын алып, домбыра тартуды үйренді.