10 қаң, 2021 сағат 13:10

Ұлыбританияда коронавирустан бір тәулікте 1 035 адам көз жұмды

Ұлыбританиядағы ахуал - әлемдегі күрделі жағдайлардың бірі. Бұл туралы ҚР Үкіметі жанындағы коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК жұмысы туралы телеграм каналы хабарлады. 

Сенбіде Covid-19-дан тағы 1 035 адам қайтыс болды. Жұқтырғандар саны бойынша Ұлыбритания әлемде бесінші орында тұр - 3 миллионнан астам адам дертке шалдыққан. Соңғы тәулікте індетті жұқтырғандардың 60 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркелген. 

Әлемде COVID-19 жұқтырғандар саны бойынша екінші (10,4 млн адам) және қайтыс болғандар саны бойынша үшінші (150,7 мың) орында тұрған Үндістан 16 қаңтардан бастап халықты вакцинациялау бойынша кең ауқымды науқан бастамақ.

Израиль барлық кәмелетке толған барлық азаматтарына COVID-19 қарсы екпе салдырған әлемдегі бірінші ел болмақ. Ел билігі 16 жастан асқан барлық израильдіктердің наурыз айының аяғына дейін екпе ала алады деп жоспарлауда.

Өткен жылы COVID-19 індеті алғаш рет тіркелген Қытайда, ел билігі Хебей провинциясының 11 миллион тұрғыны бар Шицзячжуан қаласымен көлік қатынасын тоқтатты. Қала ауруханаларына 3 мыңға жуық дәрігер жіберілді. Тұрғындарды жаппай тестілеу жұмыстары жүргізілуде. Мектептер мен балабақшаларда сабақ тоқтатылды.