Даңқы өткен ғасырдың өзінде қазақ даласынан асып, әлемге танылған Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығын мерекелеу бұл тек аста-төк дастарқан ғана емес, өткенімізді еске алу, жоғалтқанымызды түгендеу, жас ұрпақтың бойында ұлтжандылықты қалыптастыру, туған жердің тарихын танудың қайтарымды қадамы деу орынды. Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жас ұрпаққа тарихи тамырынан ажырамайтындай ұлттық тәрбие беру ұлттық кодымызды ұстанудың бірден-бір жолы екенін атап өткені белгілі. Өлке тарихын жас ұрпақтың санасында жаңғырту еліміздің әлемде дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуіне елеулі ықпал етері сөзсіз. Ұлы Жібек жолындағы Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығының кең көлемде атап өтілуінің маңыздылығы да осында.
Азияның ірі сауда орталығына айналған көне Көкжарда кезінде жылына екі рет, жазда 15 мамырдан 15 шілдеге дейін және күзде 15 қыркүйектен 15 қазанға дейін жәрмеңке өткізілген. Ресей статистикалық комитетінің 1911 жылғы деректері бойынша, Көкжар жәрмеңкесінің сауда айналымы 2 млн 140 мың сомға жетіп, ең ірі 13 жәрмеңкенің арасында 9-шы орын алған. Міне, тұрғызылғанына бір жарым ғасыр өтсе де, күйдірілген сапалы кірпіштен өріліп салынған жәрмеңкенің сауда қатарлары әлі күнге дейін сыр бермей тұр. Дерек көздерінен белгілі болғанындай, қазақ жерінде үлкенді-кішілі 150 жәрмеңке болған, бірақ соның бір де біреуінің орны осы Көкжар сияқты сақталмағанын айтады мамандар.
Тарихы терең өңір
Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығын мерекелеу шаралары аудандық Мәдениет үйінде өткен «Қазақстанның сауда тарихында Көкжар жәрмеңкесінің алатын орны, саяси-жағрапиялық және стратегиялық маңызы» атты ғылми-тәжірибелік конференциямен басталды. Конференцияны Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева қысқаша сөз сөйлеп ашты.
— Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» — дей келіп, «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау керектігін ескерткен-ді. Міне, ХІХ ғасырдың өзінде Алты алашқа ғана емес, әлемге танымал болған Көкжар жәрмеңкесіне биыл 150 жыл толып отыр. Осынау торқалы тойдың мазмұнды аталып өтілуіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ерекше назар аударып, ауқымды іс-шараларды қамтыған жұмыс жоспарының бекітілгені де күні кеше болатын. Бүгін, міне, Ойыл өңірінде осы мерейтойға бағышталған дүбірлі шара басталды және осы ғылыми-практикалық конференция үлкен істің тарихи өзегі болмақ. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Көкжар жәрмеңкесінің тарихы әлі де терең зерттеуді, ғылыми тұрғыдан зерделеуді қажет етеді. Көкжар жәрмеңкесінің тарихына қатысты Ресей мұрағаттарында сақтаулы құнды деректерге қол жеткізіп, Көкжар туралы тың ғылыми еңбектер жазу да алдағы күннің еншісіндегі шаруа. Ойылдықтар дала данышпандары Әжібай би мен Алтай батыр, ақ сауыт киген аруларымыз егіз қыз Бике мен Байбике, қалмақтың батыры Қоңдыны бұғалықтаған Ботакөз батыр, ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев, сынықшы Сүлеймен әулие, би падишасы Нұрсұлу Тапалова, медицина ғылымдарының докторы, белгілі қоғам қайраткері Ишанбай Қарақұлов, данқты ғалым Рабиға Сыздықова сынды ардақтыларымызды зор мақтаныш тұтады.
«Көкжар-ғалам, сәулелі Ойыл-ғалам,
Тарихсың архивтерден жойылмаған…», — деп белгілі ақын Ертай Ашықбаев толғағандай, Ойыл тарихы жойылмайды да, түгесілмейді де. Қайта жаңа дәуірдің жарқын парақтарын ашып, жаңғыра бермек. Бұл шарамыз Ойыл өңірінің туристер мекеніне айналуының алғашқы шарттарының бірі, игі істің бастауы деуге болады, — деді аудан басшысы өзінің беташар сөзінде.
Конференцияда тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдоллаев «XIX-XX ғасырлардағы Қазақстандағы жәрмеңкелер тарихнамасының зерттелуі» деген тақырыпта баяндама жасады. Ғалым Мемлекет басшысының рухани жаңғыру мәселесіне зор маңыз беріп отырғанын айта келіп, бұған дейін 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында еліміздің аумағындағы тарихи ескерткіштердің жаңғыртылғанын, «Халық тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең беделді мұрағаттарынан төл тарихымызды пысықтайтын тың деректер жүйелі жиналғанын атап өтті.
— Бұл орайда XIX ғасырдың екінші жартысында империялық билік қазақ даласындағы Ұлы Жібек жолы арнасында қалыптасқан сауда-айырбастың жетілуіне, әсіресе, жәрмеңкелік сауда қатынастарына көңіл бөлді. Мұндай мемлекеттік шара аймақтың жағрапиялық орны, табиғи байлығының молдығы сауданы дамытумен қатар, Үнді, Ауғанстан, Парсы, Қытай, Тибет, Қашқар сияқты мемлекеттермен сауда-экономикалық байланыстар орнатуға тиімді болған, — деген ол жәрмеңке мәселесінің зерттелу жайына тоқталды. Оған нақты деректер келтіріп, жәрмеңкелер тарихының қаншалықты зертелгенін саралай баяндады.Әсіресе, Көкжар, Қарақамыс жәрмеңкелерінің зерттелуі бағытында ой өрбітті. Ол жәрмеңке тарихының кейбір мәселелері ғана аталып, зерттеуге негіз болатын проблема толық қамтылмағанын атап өтті.
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков «Ойыл жәрмеңкесі және Көкжардың көкжал серісі — Қызыл әнші» деген тақырыпты аша келіп, атақты Қызыл әншінің талайлы тағдыры мен әншілік өнерін егіз өріп әңгімеледі. Әншінің ән мұрасын жинау, оны халыққа жеткізу бағытындағы жұмыстарды қолға алу қажеттігіне назар аударды. «Тарихтың құм басқан құпиясы. Тарихи түйіндеме» деген тақырыпта баяндаған өлкетанушы Жақсылық Бисалиев елді мекеннің Ойыл атануы жайында тың деректер келтіріп, «Ой елі» деген атаудың ғасырлар өте Ойыл атануы мүмкін деген тұжырым жасады. Көкжар жәрмеңкесінің тарихына қатысты ойларын ортаға салды. Көкжар атануына қатысты өз болжамын негіздей түсіндірді. Бұл, әрине, тереңірек зерттеуді қажет ететін құнды тұжырымдар. Өлкетанушы сондай-ақ, жәрмеңкенің қалай Көкжар аталғанына қатысты да өз ойларын ортаға салды. Оның айтуынша, Ақтөбе мен Орынбордан келетін жолда Қаңқай қыратынан қарағанда қалашықтың оң жағында 3-4 шақырымға созылатын жалаңаш жардың жаздың ыстық айларында сағым көтеріп, көк жасыл өсімдіктер өрмелей өскендіктен екі есе биіктеп, жарды әсем түске бөлейтінін, осы көрініске орай жергілікті қазақтар Көкжар деп атағанын алға тартады. Жақсылық Бисалиев көтерген Ойыл атауына, Көкжар жәрмеңкесіне қатысты мәселелер назар аударуға тұрарлық.
С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Нұргүл Демеуова Көкжар жәрмеңкесінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму тарихы хақында әңгімелей келіп, тұжырымдарын мұрағаттық деректермен дәйектеді.
Конференцияда сөз алған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева, Ойыл ауданының құрметті азаматы Әнуар Бекмұхамбетов, еңбек ардагері Арыстан Аймағамбетов жиналғандарды мерекемен құттықтады. Конференция соңында шараны өз дәрежесінде өткізуге атсалысқан ғалымдар мен өлкетанушыларға шапан жабылып, камзол кигізілді.
Осы шара барысында аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева Ойыл өңірінің түлегі, қаламгер Сырым Бақтыгереевке «Ойыл ауданының құрметті азаматы» атағы берілгенін жеткізіп, куәлігін тапсырды. Ал, кезінде аудан тізгінін ұстаған еңбек ардагері Ғазиз Займолдаұлының астаналық қонаққа ойылдықтар атынан ат мінгізуі де жарасымды болды.
Алаштан ән оздырған әнші Мұхит
Түстен кейін мерекеге қатысушылар жазушы Табыл Құлиястың «Мұхит» қойылымын тамашалады. Оны режиссер Мейрам Хабибуллин қойған. Қойылымды дайындаудың басы-қасында жүрген Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актері Қадір Құттыбаевтың айтуынша, спектакль 15-20 күннің шамасында дайындалған. Әнші Мұхит Мералыұлының бейнесін осы театрдың актері Абзал Құдайбергенов, оның бітіспес жауы, ожар Ақшолақ биді Қадір Құттыбаевтың өзі сомдады. Қойылым Мұхит Мералыұлының өмірінен бір үзік қана сыр шерткенімен, әншінің кезінде алты қырдан асырып салған әндерімен әдіптеліп, көрерменді жалықтырмады. Бұл да Көкжар жәрмеңкесі тарихының бір сәті ретінде көрермен көңілін қозғағаны шындық.
Қыздырып жырдың көрігін …
Кешкілік мерекелік салтанат аясында Ойыл аграрлық колледжі алаңында орнатылған сахнада дәстүрлі әншілердің, жыршы-жыраулардың «Жан серігім — домбыра» атты байқауы өткізілді. Байқауға Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан және аудандардан келген 13 өнерпаз қатысты. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ұйымдастырған бұл байқау Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығына, батыр бабамыз Есет Көкіұлының 350 жылдығына арналды. Байқаудың мақсаты — «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру, дәстүрлі ән өнерін насихаттау, халқымыздың мәдени мұраларын сақтауға көңіл аудару, жас ұрпақтың санасында отаншылдық қасиетті қалыптастыру. Байқаудың шарты бойынша қатысушылар Ақтөбе өңірінің ақын-жыраулары Әбубәкір Кердері, Ақтан Керейұлы, Шернияз, Қызыл Тұрдалыұлы, Батақтың Сарысы, Молдабай, Нұрпейіс Байғанин шығармаларын және тарихи жыр-дастандардан үзінділер орындауы тиіс болатын.
Алғашқы болып сахна төріне көтерілген оралдық әнші Ақмарал Кемелханова Әбубәкірдің термесін төгілтті, Қобыланды батыр жырынан үзінді орындады. Бұл дәстүрді қызылордалық Әділхан Қуанбаев жалғастырды. Алма кезек сахнаға көтерілген дәстүрлі әншілер көмейінен төгілген әсем әуен, асыл сөздер тыңдармандар көңілін бір желпінтіп тастады. Ойылдық жас өнерпаз Теңел Омаровтың орындауындағы Молдабайдың әні оның дауыс биіктігі мен орындаушылық шеберлігін көрсетті. Ақтөбелік Өмірхан Жетесовтің Нарқыз жырын алдыңғы орындаушы келген тұстан іліп алып кетуі жұртшылықты тәнті етті. Ұлттық киім киіп, үкілі домбыра ұстаған дәстүрлі әншілердің қай-қайсысы да ән мен жырдың мәні мен мақамын келістіріп-ақ орындады. Көрермен көңілін әнмен әлдилеп, жырмен жадыратты.
Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен белгіленген үш үшінші орынды ақтөбеліктер Нұрлан Әбдібеков, Мәншүк Мұханова мен оралдық Ақмарал Кемелханова иеленіп, әрқайсысына 100 мың теңге ақшалай сыйлық тапсырылды. Екі екінші орынды және 150 мың теңге сыйлықты қызылордалық Қуанхан Қуанбаев пен ақтөбелік Өмірхан Жетесов қанжығаларына байлады. Бірінші орындарды ақтөбелік Әділет Күзембаев пен қызылордалық Шолпан Бейімбетова бөлісіп, әрқайсысы 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Байқаудың бас жүлдесін Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан келген әнші-жырау Сәрсенбай Рахманбердиев жеңіп алды. Оған 500 мың теңге ақшалай сыйлық ұсынылды.
Кезінде атағы алысқа кетіп, Көкжар жәрмеңкесін ду-думанға бөлеген Мұхит, Қызыл, Молдабай, Сары Батақұлы сынды сал-сері, әншілер, дәулескер күйшілер Ұзақ, Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Сәулебай, ақын-жыраулар Нұрпейіс Байғанин, Қашаған, Нұрым, Қалнияз, Мұрат, Бекбергеннің өнері қайта түлегендей әсерге бөледі. Қазылар алқасының төрайымы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы Сәуле Жанпейісова айтқандай, мұның өзі «мың өліп, мың тірілген» қазақтың ұлттық бояуы қанық дәстүрлі ән өнерінің алтын тінінің жіңішкеріп барып үзілмей, сабақтастықтың сара жолына түскендігін көрсетсе керек.
Сауда қызған сөрелер
Колледж алаңына кіреберістің екі жағындағы жайма үстелдердегі қолөнер бұйымдары көз арбайды. Осы араға ауыл көшіп келгендей. Қой қырқып, жүн түтіліп, киіз бастырылатын жүн сабалып жатса, қалайша таңғалмасқа. Ал қолөнер бұйымдарының көрмесінде халқымыздың ісмерлік, ұсталық және зергерлік өнері қаншалықты деңгейде дамығанын аңғару да қиын емес.Теріден жасалған ат әбзелдері, мес, күбі сияқты заттары да көзге ыстық көрінеді. Сақина, білезік сынды зергерлік бұйымдар, құрақ көрпе, қоржын, төсек және жамылғы көрпелерден тұратын қыз жасауы да осында.
— Мен Қараой ауылында тігіншілікпен айналысамын. Қыз жасауын жасаймын. Менің тіккен көрпелеріме, басқа да бұйымдарыма сұраныс бар, — дейді жеке кәсіпкер Зәуреш Төремұратова.
Ал, сауда қатарларындағы дүңгіршектерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі қыза түскен. Сарбие ауылдық округіндегі «Рахым» шаруа қожалығы бұрын төрт түлік өсірумен айналысатын-ды. Енді кәсіпкерліктің ауқымын кеңейте түсіпті. 2015 жылдан бері наубайхана ашып, нан-бөлке бұйымдарын, торттарды пісіреді екен. Қожалық басшысы Әділ Рахымов бұл шаруамен жолдасы Индира Оразғалиева айналысатынын, бұл жолы жәрмеңкеге түрлі торттар пісіріп әкелгенін, бағасы анағұрлым арзан екенін жеткізді.
Сөрелерде тары-талқан, ірімшік-құрт, қаймақ-май, сүт-айран, ет өнімдері самсап тұр. Қаладан келгендер бал, шұжық өнімдерін ұсынуда. Осы жолы халыққа 2 тонна ірі қара, 1 тонна қой, 500 келі жылқы еті, 500 келі балық, 20 келі бал, 500 келі тары-талқан, 1,5 мың литр шұбат-қымыз, және басқа азық-түлік арзан бағамен сатылды.
Көнеден жеткен көш-керуен
Ойыл аграрлық колледжінің алаңына орнатылған сахна маңында ине шаншар жер жоқ десе де болғандай. Олар Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығы мерекесінің салтанатты ашылуына жиналғандар. Тойды қызықтауға жиналған жұртшылықтың алдынан көне Көкжардың көріністері қылаң берді. «Ұлы Жібек жолының бойында, Көкжардың шалғын ойында, қасиетті Ойыл бойында жәрмеңке басталды» деп шақырған жаршылардың ізінше Қыдыр ата алаңға көтерілді. Жат жұрттық саудагерлерден бастап, жәрмеңкенің салтанаты болған көш-керуен келеді. Тарихтың қойнауында қалған жәрмеңке өмірі елестейді. Ат жеккен арбалы, тең артқан түйелі керуен, сал-серілердің, шетел жиһангерлерінің бейнелері жұртшылықты риза етті. Театрландырылған көрініске 300-ден астам өнерпаз қатысып, ағылшын, татар, өзбек, иран, парсы, орыс және цыган халықтарының саудагерлерін сомдап, думанды мерекенің сәнін келтіріп, салтанатын арттырды. Жиналған жұртшылықты Ш.Берсиев өмірінен көрсетілген көрініс те баурап алды. Ал қыздармен сөз жарыстырған Тазша баланың қылығы тойшы қауымды күлкіге көмді. Көш-керуен көріністері кезіндегі Көкжар жәрмеңкесінің тыныс-тіршілігі осылай болған-ау деген ойға жетеледі.
Мерекелік шараның салтанатты ашылуында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұртшылыққа құттықтау сөз арнады.
— Тәуелсіздіктің арқасында жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз жанды. Елбасының ішкі- сыртқы саясаттағы ұлағатты ұстанымының нәтижесінде қол жеткен жетістіктеріміз жеткілікті. Енді дамыған 30 елдің қатарынан көрінуге бағыт ұсталуда. Біздің алға қойған мақсатымыз — рухани дамуымызды экономикалық және саяси салаларда жеткен жетістіктеріміздің деңгейіне көтеру болып табылады. Бұл бағытта нақты бағдарламалар жүзеге асырылуда. Міне, бүгінгі Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығын мерекелеу де осындай мақсатта ұйымдастырылып отыр. Тарихсыз болашақ жоқ. Сондықтан жас ұрпақтың бойында патриотизм қасиетін, отаншылдық сезімді қалыптастыру үшін мұндай шаралардың берері мол, — деді облыс басшысы.
Ол ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қосып жүрген «Ойыл-Нан» наубайханасының меңгерушісі Г.Әліпке, «Нобель» ЖШС құрылтайшысы Н.Жұмағалиевке,«Анвар» ЖШС бас директоры Т.Салфиковқа, «Қабиев и К» ЖШС директоры А.Қабиевқа, еңбек ардагері Ғазиз Займолдаұлына Алғыс хат пен естелік сыйлықтар тапсырды.
Марапатталғандар атынан сөз алған еңбек ардагері Ғазиз Займолдаұлы осындай үлкен шара өткізуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
— Сіздің аудандағы игілікті істердің жүзеге асуына ұдайы қолдау көрсететініңізді көріп жүрміз. Өткен жылы Ойылға газ келді. Биыл жаңа оқу жылы қарсаңында өңірде пайдалануға берілген 8 мектептің екеуінің біздің ауданда ашылуы да сіздің арқаңыз — дей келіп ол Ақтөбемен екі арадағы қатты жамылғылы жолдың жөнделуін, ауылдағы алты көшенің асфалтталып, 21 тұрғын үйдің пайдалануға берілуін де облыс басшысының іскерлігімен сабақтастырды.
Алты отбасыға су жаңа тұрғын үй кілті табысталды.
Этноауыл айшықтары
Ойылдың жағасындағы этноауылда 25 киіз үй тігілді. Мұнда мерекенің алғашқы күні кешкісін «Алтыбақан жанында», «Ақсүйек» бағдарламалары ұсынылып, ата- бабаларымыздың өмір салты қайта жаңғырғандай болды. Екінші күні этноауыл атшабарында ат спортынан жарыс ұйымдастырылып, боз кілемде балуандар белдесті. Тоқ бәйгеде ақтөбелік Жұмаш Ізбасаровтың аты бірінші келіп, бәйгесіне жылқы иеленді. Аударыспақ пен теңге ілуден ойылдық Қуаныш Төлегеновке шақ келер жан табылмады. Ал делебесі қызған көпшілік асыға күткен аламан бәйгеге 14 сәйгүлік қосылды. 20 шақырымға шапқан тұлпарлар арасынан Маңғыстау облысынан келген Сүйіндік Өскінбаевтың жүйрігі көмбеден бірінші өтіп, атан түйені олжалады. Сәйгүлігі екінші келген ақтөбелік Жұмаш Ізбасаровқа жылқы, ал көмбеден үшінші өткен жүйріктің иесі қобдалық Ерлан Ибашевқа ірі қара бұйырды. Боз кілемдегі белдесуде ақтөбелік Шыңғыс Шоқпытов қарсыластарын қақырата жеңіп, бас бәйгені иеленді.
… Ойыл өңірінің әр төбесінде тарихтың тағылымды ізі қалған. Көп тарихты астына бүгіп жатқан Барқын құмы, Мәулімберді қаласы, ағаштың сан түрі сыңсыған Ойыл орманы — аймақтың ажары, көне Көкжардың бүгінге жеткен жәдігерлері — өткен уақыттың белгілері. Осының барлығы алдағы уақытта өңірде туризмді дамытуға алғышарт жасайды деп күтілуде. Ал көне Көкжардың 150 жылдығын атап өту арқылы оны келешек ұрпақтың жадында жаңғырту осы үлкен жолдың бастауы боларына сенім мол.
Қонақтар лебізі
Мақсат Мұқанов, Атырау облысы Қызылқоға ауданының әкім:
— Біздің екі аудан Ойыл өзенін тел еміп жатыр. Сондықтан көп нәрселеріміз ортақ. Мерекеге ауыл шаруашылығы өнімдерін, қолөнер бұйымдарын әкелдік. Ал, атан жілік жігіттеріміз боз кілемге шығуға дайын тұрды. Мерекені ұйымдастырылуына ризашылығымызды білдіремін.
Сәуле Жанпейісова, Қазақстан республикасы еңбек сіңірген қайраткері:
— Ойылда өтетін Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығы мерекесі аясында жыршы-жыраулардың байқауы өтеді дегенде төбем көкке жеткендей болды. Себебі, соңғы кездері даңғазасы көп эстрада алға озып, дәстүрлі ән өнері жыршылық пен жыраулық кенжелеп қалып еді. Жыршы-жыраулардың байқауы бірінші өткізіліп отыр. Бұл рухани жаңғыру ұстанымының дәлелі болса керек. Бұл жолы 13 өнерпаз бақ сынады, Болашақта олардың қатары көбейе түсетініне сенімдімін.
Сатыпалды СӘУІРБАЕВ