19 сәу, 2017 сағат 21:00

"Ұлтын сүйген тау тұлға"

 

Биыл Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай, еліміздің түкпір-түкпірінде тақырып аясында дөңгелек үстелдер, ғылыми-танымдық конференциялар өткізілуде. Тәуелсіздік жолында күрескен әрбір Алаш қайраткерінің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін зерттеу, саралау және лайықты бағасын беру бүгінгі отандық тарих ғылымындағы басты міндеттердің бірі болып саналады. Қайраткер Қошке Кемеңгерұлының қоғамдық саяси-қызметін, тарих саласындағы еңбегін зерттеу тарихшы ғалымдардың алдында тұрған міндеттердің бірі деп есептейміз.

Ағымдағы жылдың 18-ші сәуірінде Астана қаласының №49 жалпы орта білім беретін мектебінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдары мен студенттерінің қатысуымен Қошке Кемеңгерұлына арналған «Ұлтын сүйген тау тұлға» атты дөңгелек үстел өтті. Мектеп ұстаздары мен оқушылары ұйымдастырған кездесуге Қ.Кемеңгерұлының немересі Р.Кемеңгер мен шөбересі Қ.Кемеңгер, т.ғ.д., профессор З.Қабылдинов, ф.ғ.д., профессор С. Жұмағұл, Тарих факультетінің 4 курс студенті А.Имангалиев қатысты.

Л.Н.Гумилев атындағы  ЕҰУ Еуразия гуманитарлық ғылыми-зерттеу орталығының директоры Зиябек Қабылдинов жаппай қуғын-сүргін тақырыбында  баяндама жасады. Профессор Алаш зиялылары өмір сүрген қиын-қыстау заманы бойынша ойын өрбітіп, тақырыптың тәуелсіздікпен сабақтастығына тоқталды. Еуразия гуманитарлық институтының аға оқытушысы Ризабек Кемеңгер өзінің естеліктерімен, құнды деректемелерімен бөлісті. Атасының үш томдық шығармалар жинағын және ғылыми зертетулерді мектеп кітапханасына сыйлады. Алаштанушы Сағымбай Жұмағұл Қошкенің әдеби шығармалары бойынша сөз қозғады. Атап айтқанда, қаламгердің көркем туындыларының тақырыптық-идеялық сипатына, «Алтын сақина» пьесасының тарихи маңыздылығына тоқталды. Филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер көрнекілік материалдары арқылы Қошкенің қайраткерлігін, ағартушылығын айқындап көрсетіп берді. Соның ішінде тұлғалық негізгі қасиеттерін, ғылыми-танымдық шығармаларын атап көрсетті. Жазушының тікелей ұрпақтары туралы да мәлімет берді. Дөңгелек үстелде  т.ғ.д., профессор Дүкенбаева З.О. жетекшілігімен  Қошке Кемеңгерұлы туралы дипломдық жұмысын жазып жатқан А.Имангалиев тақырып бойынша пікірін танытты.

Кездесу барысында Қошке Кемеңгерұлының жеке архивтік құжаттары, ғылыми еңбектері және т.б. құнды мұрасы көрмеге қойылды. Бұл көрменің бір ерекшелігі – Қошке туралы 90-шы жылдары жарияланған, бүгінде сирек саналатын баспасөз бетіндегі мақалалар топтамасының ұсынылуы болды. Олардың ішінде қаламгер туралы алғаш мақала жазған Рәзия Рүстембекованың, мұрасын жинаған Дихан Қамзабекұлының еңбектері бізді қызықтырды.

Еуразия ұлттық университетінің ғалым-профессорларының келелі ойларынан кейін ұстаздар мен оқушылар қызықтырған сұрақтарын қойып, ғылыми іс-шараға атсалысып отырды. Ал Аружан Қайрулла мен Диана Тұржанова атты оқушылар Қ.Кемеңгерұлының «Абақтыдан хат», «Елге хат» атты өлеңдерін мәнерлеп оқып, көпшіліктің көңілінен шықты. Қ.Кемеңгерұлының өлеңіне жазылған сазгер Шәміл Әбілтайдың туындысын Ризабек аға домбырамен сүйемелдеп орындап, жиналған қуымның көңілін босатты.

Дөңгелек үстел соңында мектеп директоры Данара Джумартова алаш қайраткерлерінің Отан тарихындағы алатын орнын бағалай келе, «қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік мәселелерін рухани өмірдің өзекті арналарымен тығыз сабақтастықта зерделеген Қошке Кемеңгерұлының парасатты пайымдары ұлттық қасиеттерді санамызда жаңғыртумен құнды» деп ғылыми-танымдық жиынды қорытындылады. Оқу орнына Қошке Кемеңгерұлы атын беру жайында өтінішті мектеп ұжымы біраз жыл бұрын жазған екен. Бұл игі бастама өзінің оң шешімін табады деп үмітін жеткізді.

Қошке Кемеңгерұлы өз еңбектері арқылы қазақ жастарының санасын оятуды көздеді, оларды отаншылдыққа тәрбиеледі, елін қастерлеуге, жерін сақтауға баулыды. Бүгінде қаламгер еңбектері Отан тарихындағы асыл мұараларымыздың қатарына жатады деп танимыз.

Имангалиев А.Т.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

Тарих факультетінің 4 курс студенті

Ұлт порталы