2017 жылдың 7 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген тапсырмалардың орындалуы туралы сөз қозғалған «Ұлттың жаңғыруы – Мәңгілік елге бастар жол» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ тарих факультетінің деканы, т.ғ.д., профессор Тілеген Садықов, Еуразиялық зерттеулер кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Нұрбек Шаяхметов, т.ғ.д., профессор Жамбыл Артықбаев, т.ғ.к., доцент Ерлан Сайлаубай бастаған бірқатар ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Дөңгелек үстелдің қатысушылары Елбасы мақаласында баяндалған ұлттық сананы жаңғырту, ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизм, білім мен бәсеке, руханиятты қайта түлету, біртіндеп латын әліпбиіне көшу, «Туған жер» бағдарламасы сынды алға қойылған мақсатты жұмыстар турасында ой қозғады. Әлі де атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталып, басым бағыт берілуі қажет тапсырмаларды атап өтті.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ тарих факультетінің деканы, т.ғ.д., профессор Садықов Тілеген Садықұлы «Туған жер» бағдарламасының маңыздылығына тоқталды. «Қазақтың ұғымында «туған жер», «кіндік қаны тамған жер» деген түсінік бар. Біздің тарихымыз бен мәдениетіміз қазақтың кең даласында жатыр. Кез келген аудан, ауылдың тарихын алып қарасақ, біздің мәдениетіміз өнеріміз самсап тұр. Біз солардың барлығын жүйелеуіміз керек. Белгілі тарихшылар, этнографтар, жергілікті жердегі белсенді азаматтар бар барлығымыз бірігіп осынау бағдарлама аясында жұмыс жасайтын болсақ айтарлықтай нәтиже көрсете аламыз» – дей келе, тарихшылар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Биылдан бастап тарих мамандығына мемлекеттік грант санының артып отырғаны ұлт тарихын, ел тарихын зерттейтін тарихшы мамандардың санының артатынына ықпал ететінін де тілге тиек етті.
Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы 2017 жылғы 12 сәуірде жарық көрген болатын. Мақалада Қазақстан халқының рухани жаңғыруына басты назар аударылған. Бұл бағытта бәсекеге қабілеттілікті арттырып, білімнің салтанат құруына жағдай жасалатыны да мақалада айтылған. Әлемнің үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аудару, әлем халқын отандық қаламгерлердің шығармаларымен таныстыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде.