28 мам, 2020 сағат 11:58

Ұлттық табиғи парктердегі туризм: Министрлік инвесторлар іздестіруде

Ұлттық табиғи парктерде туризмді дамыту үшін инвесторлар іздестіріліп жатыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Экология министрлігімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан тағы бір бағыт - Ұлттық табиғи парктерде туризмді дамыту. Мәселен, «Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экологиялық туризмді дамыту үшін «Құлтау» ЖШС жеке инвесторы анықталды. 7 визит-орталық, 156 шақырым жаяу жүргінші соқпағы, автокөліктерге арналған 2 мың тұрақ орны, глэмпинг, кемпинг, шамамен 3 мың орынға арналған палаталық лагерь салу жоспарланған. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 17,3 млрд теңгені құрайды», - деді Дастан Рысбеков Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. 

Оның айтуынша, мұнан бөлек, «Алтын Емел», «Көлсай көлдері» және «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерін дамыту бойынша жоспар әзірленген. Бұл парктерді де дамытуға жеке инвесторлар тартылатын болады. Қазіргі уақытта әлеуетті инвесторларды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

«Таяу келешекте дәл осындай конкурстық процедураларды аталған Ұлттық табиғи парктерге қатысты өткізу жоспарланып отыр», - деді ол.