15 сәу, 2022 сағат 19:06

Ұлттық музейде сирек кездесетін қолжазбалар көрмеге қойылды


Елордада жаңа көрме ашылды. Оған ортағасыр және жаңа замандағы Қазақстан тарихына жататын құнды әрі сирек кездесетін қолжазбалар қойылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін төл тарихымызды насихаттау жолында аса маңызды шара өтіп отыр. Көне жазба мұралар тамыры терең тарихымызды айшықтап, көпшілікке дәріптейді. Ұлт руханиятын одан әрі нығайтып жас ұрпаққа жол ашады. Осы ретте біз ұлттық музейде қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығындағы бірегей жазба деректерден арнайы көрме ұйымдастырып отырмыз. Мақсат – тарихи мұраларды келешекпен өзара байланыстыру, еліміздің санғасырлық тарихын айқындайтын баға жетпес мұраларымызды таныту. Сонымен қатар оны ғылыми айналымға қосуымыз керек. Көрмеде ел тарихына қатысты бірнеше маңызды жазба қойылған. Атап айтсақ, VII ғасырда жазылған Құран мен Қожа Ахмет Яссауидің, Махмудидың, Ибн Халифа және басқа танымал тұлғалардың шығармалары бар», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев көрменің ашылу салтанатында. 

Министрдің айтуынша, аталған құнды қолжазбалар - ұлтымыздың әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесі.

Сондай-ақ, олар жаһандық тарихта Ұлы даланың орнын анықтауда маңызды рөл атқарады. 

«Алдымен осындай ауқымды, маңызды шараның біздің музейде өтіп жатқаны қуантады. Туған жерімізден көптеген құнды жәдігерлердің табылғаны аян. Тарихтан белгілі, Алтын адамды ашқан кезде қасынан алтын тостаған табылды. Сол тостаған сыртындағы жазу - көне түркі жазбасының куәсі. Сонымен қатар күллі түркі әлеміне танымал Күлтегін ескерткішін де бәріңіз білесіздер», - дейді ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы. 

Ұлы дала тарихының жазба мұралары» атты көрмеге Қайып ханның түрік сұлтаны ІІ Ахмедке жазған хатынан үзінді, сұлтан Кенесары, Жәңгір хан, сұлтан Айтөре Айшуақ, Абылай ханның хаттары және тағы басқа құнды жәдігерлер қойылған. 

Ұлттық музейде ашылған көрмені елорда жұртшылығы жыл соңына дейін тамашалай алады.