Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі квазимемлекеттік (мемлекет қолдауына ие компаниялар) секторда жемқорлық фактілерінің жиілеп кеткеніне алаңдайтынын мәлімдеді. Агенттік жүргізген зерттеу нәтижесінде аталған секторға жемқорлықтан үлкен қауіп төндіріп тұрғаны белгілі болды.
Ведомство хабарлауынша, квазимемлекеттік сектордағы жемқорлық оқиғасы өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе артқан — 143-тен 202-ге көтерілген. Барлық істің ішінде қаражатты жымқыру, қызметтік лауазымын асыра пайдалану, сатып алу мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезіндегі жемқорлық фактілер жиі кездеседі.
Мысалы, күні кеше «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жақыпов, Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік дирекциясы департаментінің басшысы Айтымбетов, компанияның басқарушы директорлары Сариевті әшкере болды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу кезінде қызметін асыра пайдаланып, Орал, Көкшетау, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Талдықорған қалаларындағы 13 ұйымнан пара алған
«Бәйтерек Devolopment» басшылары әрқайсының қандай да бір ролі бар жүйе есебінен ұзақ уақыт бойы пара алып келген. Ол «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында әлеуметтік әлсіз топтарға арналған кредитке және жалға берілтін тұрғын үйлерді салатын негізгі оператор болып бекітілген еді. Агенттіктің хабарлауынша, «Бәйтерек Devolopment» АҚ-ның мердігерлерге өз бетінше талап қою құқы жемқорлыққа жол ашқан.
Зерттеудің қорытындысы бойынша, «Бәйтерек Devolopment» компаниясында жемқорлықпен айналысуға мүмкіндік берген ережелер анықталды. Мысалы, мердігер болуға үміткер компания тікелей АҚ-ға қағаз түрінде өтініш беру керек; міндетті түрде болу керек құжаттар саны негізсіз енгізілген (барлығы 43); құжаттарды қарау процесі бірнеше сатыдан тұрады әрі «Бәйтерек Devolopment» үміткер компанияның жобасын толықтыруға жіберуге я мүлдем қарамай қоюына болады; жобаларды іріктеу комиссиясының мүшелері «Бәйтерек Devolopment» АҚ-ның бөлім басшыларынан тұрады.
Жемқорлыққа қарсы агенттіктің айтуынша, қолдан жасалған кедергілер, ашықтықтың болмауы, шешім қабылдаудағы өкілеттіліктің тым көп болуы жемқорлықпен айналысуға жол ашып отыр. «Басшылардың қатысы бар басқа жемқорлық фактілері «Астана ЭКСПО-2017», АО «Астана»ҰҚ» ӘКК , «Жетісу» АҚ, «ҚТЖ» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы» АҚ-да да анықталды», — дейді агенттік.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, квазимемлекеттік секторда тіркелген барлық жемқорлық фактілерінің 55 пайызы, яғни 112-сі сатып алу-сату кезінде болады. Мұның алғашқы себептері: сатып алу-сату процестерін іске асыратын бірыңғай тәсілдердің болмауы, ақпараттық қолжетімсіздігі, әкімшілік басқарудың басым болып кетуі секілді факторларды көрсетеді.
Агенттіктің мәлімдеуінше, квазимемлекеттік сектордағы сатып алу-сату жүйесінде бақылау жүйесі жоқ, олардың байқау өткізуі және олардың қорытындысы тексерілмейді, одан бөлек, компаниялардың өтініштері әлі де қағаз түрінде қабылданады. Одан бөлек, құжаттар ашық талқыдан өтпейді, басқалармен келісілмейді, толық тексеруден өтпейді, әрі нормативтік құқықтық акт ретінде заң органдарында да тіркелмейді.
Айта кетейік, бұған дейін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменов квазимемлекеттік сектордағы сатып алу жұмыстары қадағаланбайтынын айтқан еді. 2016 жылдың маусымында сарапшы «біз квазимемлекеттік сектордағы тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингін жүргіздік. Сіздерге ұсынылған анықтамадағы зерттеу толық әрі терең емес, беткі қабатындағысы ғана айтылған. Алайда мұның өзі істің нашар жағдайы туралы қорытынды жасауға объективті себеп болады», – деп мәлімдеді.
ҰКП сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес басшысының келтірген мәліметтеріне сәйкес, 2015 жыл мен 2016 жылдың 1 тоқсанында сатып алу саласындағы квазимемлекеттік сектордың субъектілері жіберген заң бұзушылықтар бойынша 119 сотқа дейінгі тергеу басталып кеткен. Қылмыстық құқық бұзушылықтағы басым үлес сенім артылған мүлікті иемдену немесе жұмсап қою (44%) және алаяқтық (25,1%).
Аян ҚАЛМҰРАТ, 7kun.kz