04 жел, 2025 сағат 12:12

Ақтөбеде авиациялық зауыттың бұрынғы басшысы 110 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Фото: Inbusiness.kz

Ақтөбе облысы бойынша ҚМА департаменті «Авиажөндеу зауыты №406 ГА» АҚ-ның бұрынғы басшысына қатысты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті қызметтік өкілетін пайдаланып, әуе кемелерін жөндеуге арналған тауарлық-материалдық қорларды заңсыз есептен шығару схемасын ұйымдастырған. МИ-2 тікұшақтары мен АН-2 ұшақтарына арналған агрегаттар мен қосалқы бөлшектер жалған түрде бақылауындағы компаниялар арқылы сатып алынған болып көрсетілген.

Зауыт құжаттарында бөлшектер қоймадан алынып, күрделі жөндеу кезінде техникаға орнатылған деп рәсімделген. Алайда іс жүзінде олар қолданылмаған. Кейін олардың «пайдаланылғанын» дәлелдеу үшін жалған есептен шығару актілері бекітілген.

Мемлекетке келтірілген шығын 110 млн теңге болған.
Сот санкциясымен күдіктіге тиесілі екі пәтер мен жер учаскесіне тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданып, ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.