29 сәу, 2026 сағат 15:28

9 ай бойы аңдыған ер адам сотталды: сталкинг қылмысқа айналды

Фото: yur.kz

Қызылорда облысында сталкинг деректері бойынша бірнеше сот үкімі шықты. 2025 жылғы 16 шілдеден бастап Қылмыстық кодекске енгізілген 115-1-бапқа сәйкес, мұндай әрекет қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады, деп хабарлайды Ult.kz.

Заң бойынша сталкинг үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.

Осы істердің бірінде Қызылорда қаласының тұрғыны жәбірленушінің қарым-қатынас орнатқысы келмейтінін біле тұра, 9 ай бойы оны жүйелі түрде мазалап, аңдыған.

Ол бірнеше рет жасалған ескертуге қарамастан, әлеуметтік желілер арқылы хабарламалар жіберіп, жәбірленушінің жұмыс орны мен тұрғылықты мекенжайына барып, психологиялық қысым көрсеткен.

Жәбірленушінің арызы негізінде іс қозғалып, сот оны кінәлі деп таныды. Нәтижесінде оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ облыс аумағында сталкинг жасаған тағы екі азамат та сот шешімімен кінәлі деп танылып, оларға да осындай жаза қолданылды.

Қызылорда облысының прокуратурасы тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, өзге адамдардың жеке өміріне қол сұқпауға және құқық бұзушылыққа жол бермеуге шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде сталкингке қатысты 6 істің тек біреуі ғана сотқа жеткені хабарланған болатын.