14 жел, 2020 сағат 12:58

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені сақтап қалды

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені +/- 1,0 п.т. пайыздық дәлізбен жылдық 9% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тиісінше, өтімділікті ұсыну бойынша тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 10,0% және өтімділікті алу бойынша тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 8,0% болады. 

«Шешім мұнай нарығындағы фундаментальды тұрақсыздықпен, елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға, сондай-ақ жаппай вакцинациялау мерзіміне байланысты әлі де сақталып отырған белгісіздік жағдайында жоғары және әлсіз тұрақтанған инфляциялық күтулермен негізделген. Инфляциялық күтулердің тұрақтануы 2021-2022 жылдары инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізу үшін негіз болып табылады, осыған байланысты базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі 2021 жылдың соңына қарай инфляция бойынша 4–6%-дық мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады банктен.

2020 жылдың қараша айында жылдық инфляция осы жылдың маусым-қазан аралығында 7,0–7,1% деңгейінде тұрақтанғаннан кейін 7,3%-ға дейін жылдамдады. Инфляциялық процестердің серпіні 4-6% нысаналы дәлізінен жоғары қалыптасуды жалғастыруда.

2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция болжамы төмендеу жағына қарай қайта қаралды. 2020 жылғы желтоқсанда жылдық инфляция қайта карантин шаралары аясында ішкі сұраныстың неғұрлым айқын дезинфляциялық әсеріне байланысты 7,3–7,5% ауқымында күтіледі. Дегенмен, инфляцияның орта мерзімді болжамдары айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған жоқ – 4-6% нысаналы дәлізінің жоғарғы шегіне қарай біртіндеп баяулау 2021 жылдың соңына қарай ғана болады.

«Қазақстан экономикасы 2020 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша жылдық көрсеткіште 2,8%-ға қысқарды – экономикалық белсенділіктің төмендеуі күтілгеннен анағұрлым терең болып шықты.

Ақша нарығындағы тұрақты жағдай базалық мөлшерлеменің дәлізін эпидемия алдындағы деңгейге дейін тарылтуға мүмкіндік берді. 

«Ұлттық Банк инфляция серпініне әсер ететін ішкі және сыртқы факторларға мониторинг жүргізуді жалғастырады. Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешімдер инфляцияның нақты серпінінің оның нысаналы бағдарларына сәйкестігі, инфляциялық күтулердің төмендеу жылдамдығы, сұраныстың қалпына келуі, сондай-ақ инфляциялық тәуекелдер теңгерімі ескеріле отырып қабылданатын болады», – делінген хабарламада.