Ұлттық архивтегі 1920-1930 жылдардағы ашаршылыққа қатысты құжаттардың құпиясыздандыру мерзімі əлі өтпеген. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметінше, өткен ғасырдың 1920-1930 жылдарында репрессияға ұшыраған адамдар туралы бірқатар құпия жəне құпия емес архивтік материалдар Мəдениет жəне спорт министрлігінің Ұлттық архивінің сақтауына, оның ішінде зерттеу мақсатында пайдалану үшін тапсырылған. Көрсетілген құжаттар Қазақстандағы өткен ғасырдың 1920-1930 жылдарындағы ашаршылыққа қатысты белгілер бойынша жіктелмеген. Бұл ретте «Мемлекеттік құпиялар туралы» ҚР Заңының 20-бабына сəйкес осы құжаттарды құпиясыздандыру мерзімдері əлі өтпеген», - деді Асқар Мамин.
Жалпы, оның дерегінше, Ұлттық мұрағат қорында республикалық, облыстық архивтері деңгейінде Қазақстан аумағындағы 1921-1922 және 1929-1932 жылдар аралығында болған ашаршылықтарға қатысты 250 сақтау материалы бар. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа қатысты мәліметтерді қамтитын Қазақ АКСР Халық Комиссариаттар кеңесі мен Орталық атқару комитеті қорларының құжаттарына толықтай құпиясыздандыру жұмысын жүргізіп, ғылыми айналымға енгізді. Олардың негізінде «Архив айғақ», «Алаш Мирас» атты, 2014 жылы Президент архивімен архив құжаттары негізінде «Трагедия казахского аула. 1928-1934 гг.» атты құжаттар мен материалдар жинағы жарыққа шығарылды.
«Мүдделі мемлекеттік органдар сұраныстарға сәйкес және тиісті негіздер болған жағдайда мұрағатты зерттеуге қажетті рұқсаттарды беру және құпиялылық режимі бар құжаттарға қол жеткізу бойынша жұмыстарды тұрақты негізде жүргізіп келеді», - деді Үкімет басшысы.