11 қаз, 2020 сағат 19:07

Ұлттар лигасы: Қазақстан мен Албания алғаш рет тең түсті

UEFA Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасының өз алаңындағы Албаниямен кездесуі аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қос құрама матч барысында тең дәрежеде ойын көрсетті. Бірінші кезеңде екеуінің де гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болған еді. Дегенмен оны ұтымды пайдалана алған жоқ. 

Екінші кезеңде құрамалар есепті өзгертетін қолайлы сәтті іздеді. 

Айта кетерлігі, Албания футболшыларының белсенділігі айқын аңғарылып тұрды. Олар гол соғатын бірнеше мүмкіндікті құр жіберіп алды. Ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. 

Қазақстан мен Албания құрамалары бұдан бұрын 2006 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңінде екінші топта бақ сынасты. Қазақстан құрамасы аталған қарсыласына сол жолы өз алаңында 0:1, сырт алаңда 1:2 есебімен жол беріп қойды. Осылайша екі құрама өз тарихында тұңғыш рет тең түсіп отыр. 

Естеріңізге сала кетелік, екі құрама С лигасы төртінші тобында сынға түседі. Аталған топтағы Литва мен құрамалары бүгін өзара шеберлік байқасады. Әзірге турнир кестесінде екі құрама төрт ұпай жинап, бірінші және екінші орынды өзара бөлісіп тұр. 

Қазақстан құрамасы бұдан бұрын екі кездесу өткізді. Алдымен 4 қыркүйекте сырт алаңда Литваны 2:0 есебімен жеңіп, 7 қыркүйекте өз алаңында Беларуське 1:2 есебімен жеңіліп қалды. 

Қазақстан құрамасы енді 14 қазанда Беларусьпен сырт алаңда ойнайды.