14 мамырда Туринде Eurovision ән байқауының финалы өтті. Онда украиналық Kalush Orchestra этно-рэп тобы жеңіске жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі The Flow сайтына сілтеме жасап.
Қазылар алқасы даусының нәтижесі бойынша Украина төртінші орында болған, бірақ содан кейін халық дауысының көрсеткіштері жарияланып, Kalush Orchestra турнир кестесінде үлкен басымдықпен бірінші орынға шыққан, Көрермендер топқа мүмкін болған 480 ұпайдың 439-ын берген. Топ 631 ұпай жинады.
Kalush Orchestra байқауда Stefania әнін шырқады. Бұл - топ фронтмені Олег Псюктің анасына арнау.
Екінші орынды Ұлыбритания алды, оның еншісінде 466 ұпай бар. Бұл елден әнші Сэм Райдер өнер көрсетті, ол Space Man ("Ғарыш адамы") әнін орындады.
Үшінші орынды SloMo ("Баяу түсірілім") әнімен шыққан испаниялық әнші Шанель иеленді.
Kalush Orchestra - украиндық Enko рэп-лейблінің резиденттері. Оның негізін Alyona Alyona мен продюсер Иван Клименко (Сальта Назад) салған.
Бұл топ Eurovision байқауына қатыспауы керек еді. Украиналық іріктеуде олар рэп-эстетика мен фольклорды үйлестіретін Алина Паштан жеңіліп, екінші орын алған. Бірақ Паш кейіннен Қырымға барғаны үшін халықаралық байқауға жіберілмеген.