07 қар, 2020 сағат 20:10

Украинада коронавирус жұқтырғандар саны 450 мыңнан асты

Өткен тәулікте Украинада 10 746 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның ішінде 316 бала және 519 медицина қызметкері бар. Бұл жайында елдің денсаулық сақтау министрі Максим Степанов мәлім етті, деп хабарлайды Укринформ агенттігі.

«Соңғы тәулікте Украинада коронавирустың 10 746 жаңа дерегі тіркелді. Осы бір күнде 1470 адам ауруханаға жатқызылса, 187 науқас қатерлі індеттен көз жұмған. Сырқаттан жазылып кеткендер саны - 8 685 адам» деп атап өтті министр. 

Айта кетейік, пандемия басталғалы бері Украинада 450 934 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып үлгерген. 204 229 адам дертінен айығып кетсе, 8 312 кісі қайтыс болды. 

Өткен тәулікте коронавирус фактілерінің көпшілігі Киев қаласында (854) және Харьков (1008), Житомир (602), Хмельницкий (579), Львов (557) облыстарында тіркелген.