Украина Қытаймен коронавирусқа қарсы вакцина сатып алу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл ақпаратты Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба хабарлады.
"Олар (Қытай) жеткізуге әзір. Нақты ақпаратты денсаулық сақтау министрлігі біледі. Біз оларға вакцина дайындаушы компания өкілдерімен байланыс орнатуына көмектесіп жатырмыз" деді Украина сыртқы істер министрі "Украина 24" телеарнасына.
Осыған дейін Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Киев ықылас білдірсе, Ресей көршісін коронавирус вакцинасымен қамтамасыз етуге дайын деп мәлімдеген. Ал Украина сыртқы істер министрлігі Ресейден вакцина сатып алу жоспары жоғын айтқан.
Қараша айында Өзбекстанда қытайлық вакцинаны клиникалық сынақтан өткізу кезеңі басталғаны хабарланды. Ташкентке препараттың 500 дозасы жеткізілген, сынақ төрт айға созылады деп айтылды.
Бұған дейін Ресей билігі сынақтың үшінші фазасы аяқталмай жатып екі вакцина - "Спутник V" және "ЭпиВакКорона" екпесінің тіркелгенін хабарлаған. Сынақ толық аяқталмаса да, 5 желтоқсанда "Спутник V" жаппай егіле бастаған.
25 тамыз күнгі мәлімет бойынша, Украинада 1 миллионнан астам адамға коронавирус жұққан. 17 395 адам қайтыс болған.