
Үкімет Парламент депутаттарымен бірге тиімді және жүйелі жұмыс жүргізеді. Бұл туралы Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында Үкімет басшысы Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жол картасы жобасының әрбір тармағы пысықталып, олардың орындалуы тиісті мемлекеттік органға және нақты басшыға бекітілді. Барлық жоспарланған іс-шаралар партияның сайлауалды бағдарламасын тиімді, әрі сапалы жүзеге асыруға бағытталған. Үкімет жол картасының уақытылы орындалуын толық қамтамасыз етеді», - деді Үкімет басшысы «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлау бағдарламасын орындаудың Жол картасын талқылау барысында.
Оның айтуынша, ұсынылған шараларды іске асыру - сайлауалды бағдарламаның барлық міндеттерін толығымен шешуге және жаңа жағдайда халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатының нақты жақсартуға мүмкіндік береді.
«Осы бағытта Үкімет Nur Otan партиясының Парламенттегі фракциясымен бірге тиімді жұмыс жасайтын болады. Бағдарламаның жүзеге асуының заңнамалық негізін қамтамасыз етуде Фракцияның рөлі үлкен. Алдағы уақытта да Үкімет Парламент депутаттарымен бірге тиімді және жүйелі жұмыс жүргізетіне сенімдімін. Осындай еліміз үшін жауапты кезеңде Үкімет Парламенттің белсенді қолдауымен алдымызда тұрған міндеттерді тиімді іске асыру үшін бар күш-жігерін жұмсайтын болады», - деді Асқар Мамин.
