25 мам, 2021 сағат 11:12

Үкімет басшысы жұмыспен қамтуға бағытталған қаржыны уақтылы бөлуді тапсырды


Премьер-Министр Асқар Мамин салалық министрліктерге Жұмыспен қамту жол картасы арқылы іске асатын шаралардың тиімділігін бағалау жөніндегі өлшемшарттарды әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларын қаржыландыруға «Бәйтерек» холдингі арқылы 100 млрд теңге жіберу жоспарланып отыр. 

Жалпы, Жұмыспен қамту жол картасын іске асыруға ағымдағы жылы 300 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, 35,6 мың жұмыс орны, оның ішінде 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құру жоспарланған, - деді ол Үкімет отырысында. 

Сондай-ақ, Асқар Мамин Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне, өңір әкімдеріне, «Бәйтерек» холдингіне Атамекен палатасымен бірлесіп, Жұмыспен қамтудың жол картасының барлық бағыттарын сапалы іске асырып, уақтылы қаржыландыруды тапсырды. 

«Ауыл шаруашылығы мен еңбек министрліктері ауыл шаруашылығы жобаларын қаржыландыру бойынша іс-шаралардың тиімділігін бағалау жөніндегі өлшемшарттарды әзірлесін. Тұрақты жұмыс орындарын құру мәселесін ерекше бақылауда ұстау керек», - деді Үкімет басшысы.