2019 үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларын мемлекет тарапынан қаржыландыру аясында 3.4 млрд теңгеге 128 жоба жүзеге асырылған. Бұл туралы "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының" ұйымдастыруымен өткен шарада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин мәлім етті, деп хабарлады "Ұлт ақпарат".
"Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" 2019 жылы істелген жұмыстар мен жүзеге асқан жобаларды, қабылданған шараларды қорытындылап отыр. Биыл гранттық қаржыландыру аясында жалпы 3,4 млрд теңгеге ҮЕҰ 128 жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалардың барлығы әлеуметтік маңызы бар салалар бойынша, атап айтқанда жастарға қолайлы орта қалыптастыру, ерекше балаларға жағдай жасау, суицидтің алдын алу шараларын жүргізу, үкіметтік емес сектор мен волонтерлік қызметті дамыту мәселелерін қамтыды. Жастар жылы болғандықтан, негізгі 37 жоба жастар саясатына қатысты болды. Олардың қатарында жастарға құқықтық көмек көрсету, отбасы құндылықтарын сақтау және насихаттау, жастар арасындағы ажырасудың алдын алу бар. Бүгінгі шараға осы қызметтерді алуышалар мен грант ұтып алғандарды шақырдық", - деді вице-министр.
Оның айтуынша, бұл жобаларды жүзеге асыруға 98 үкіметтік емес ұйым қатысқан. Ал олар аймақтардағы 1000-нан астам үкіметтік емес ұйымдарды аталған жобаларды еліміздің түкпір-түкпірінде іске асыруға тартқан. Сонымен қатар ол келер жылы "Еріктілер жылына" байланысты волонтерлік салаға қатысы бар жобаларға баса назар аударылатынын атап өтті.
Сондай-ақ аталған іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, грант алушылар мен жобалардың бенефициарлары қатысты. Сондай бір грант алушылардың жұмысын үйлестіруші Атырау облысы "Азаматтық Альянсы" заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Гүлнәфис Жармұханбетова аймақтағы жүзеге асқан әлеуметтік жобаларға тоқталды. Оның айтуынша, алғашқыда облыстың барлық ауданынан 400-ден астам жоба келіп түскен.
"Атырау облысы "Азаматтық Альянсы" заңды тұлғалар бірлестігі 2019 жылдың тамыз айынан қарашаның соңына дейін бірқатар жұмыс атқарды. Біз елдімекендерді, облыстың 7 ауданының ауылдық округтарын, шетте жатқан ауылдарды аралап, үкіметтік емес ұйымның әлеуетін қалай арттырамыз, халықтың әлеуметтік жағдайын қалай арттырамыз деген секілді мәселелерді көтердік. Нәтижесінде осы 7 ауданның ауылдарынан 400-ден аса жобалар келіп түсті. Оларды іріктеп, сараптама жұмыстарын жасап, 30 жобаны бөлек шығардық. Жоба авторларын облыс орталығына шақырып, бағыт-бағдар беріп, тренингтер өткіздік. Кейін олар сарапшылардан құралған коммиссияның алдында жобаларын қорғады. Соның ішінен үздік деген 5 жоба анықталып, әрқайсысына 1 млн теңгеден 5 млн теңге берілді", - деді ол.
Оның айтуынша, мемлекеттен грант ұтып алған 5 жоба авторларының негізгі мақсаты - ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына ықпал ету.
"Аталған 5 жобаға тоқталып өтсем, олар осымен тоқтап қалмайды, одан әрі жалғасады. Олардың мақсааты - ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайына жақсартуға сәлде болса септігін тигізу. Олардың барлығы тегін қызмет көрсетеді. Мәселен, Исатай ауданында провациялық қызмет көрсететін орталық құрылды. Олар түзету колонияларынан келген кәмелетке толған, толмаған жасөспірімдер мен ересектерге психологиялық жәрдем береді. Әртүрлі іс-шаралар, жарыстар өткізу арқылы олардың қоғамға қайтадан сіңісіп, араласып кетуіне әсер етеді. Біз барып көрдік, ол жерде 30-дан аса сондай азамат бар, жергілікті полицияның көмегімен орталық қызмет атқарып отыр", - деп атап өтті.
Сондай-ақ Гүлнәфис Жармұханбетова грант иеленген бес жобаға жеке-жеке тоқталып, атқаратын қызметтері жайлы айтып берді.
"Мәселен, тағы бір жобаның иегері қолөнер шеберханасын ашты. Аталған жерде тек үйде отырған аналар ғана емес, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, түрлі дертке шалдыққан қыздар, ДЦП секілді аурулармен ауыратын азаматтар өз фантазияларына байланысты көптеген қолөнер шығармаларын дүнеге әкеліп отыр. Сондай бір жобаның авторы Жылыой ауданының бірқатар ауылында кәсіпкерлік саласында сабақ беретін мектеп ашып, тұрғындарды бизнес саласынан хабардар ету мақсатында түрлі курстар ұйымдастырып отыр", - деді ол.
Сонымен бірге үкіметтік емес қйымдардың әлеуметтік жобаларын қаржыландыру аясында "Ақниет" ақпараттық насихаттау және оңалту орталығы да грант алған. Шараға аталған орталықтың бенефициары Тұрған Омаров қатысып, атылмыш ұйымға алғысын айтты. Ол бұған дейін сотталып, осы орталықтың мамандарының көмегімен радикалдық сипаттағы ойын өзгертіп, қатесін түсінгендердің бірі.
"Мен бұрын террорлық ұйымдарды ұйымдастырғаным үшін сотталған болатынмын. "Ақниет" ақпараттық насихаттау және оңалту орталығына бірнеше жыл бойына жазамды өтеген жерлерге келіп көмек көрсеткені үшін ерекше алғыс айтқым келеді. Олар менің радикалдық сипаттағы көзқарасымды өзгертіп, қателігімді түсінуге септігін тигізді. Сонымен қатар мен секілді көзқарасты ұстанымдағы көптеген жандарға көмек көрсетті. Қазіргі уақытта мен осы орталықта басқа да сотталғандардың радикалдық сипаттағы ойын өзгертуге жәрдем етіп жатырмын", - деді ол.
Айта кету керек, жиынға қатысушылар мемлекеттік гранттарды алуға өтінімдерді, есептерді тапсыру, шарт жасасу жөнінде ақпарат алып, "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" ҚЕАҚ-пен әрі қарай ынтымақтастықта жұмыс істеу мәселелері талқыланды.